RU

Қазақстандық сарапшы рубльді ортақ валюта ретінде енгізуді ұсынды

Қазақстандағы Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Талғат Акуов теңге құлдыраған соң, еуразиялық одаққа мүше елдерге ортақ валюта ретінде рубльді енгізуді ұсынды.

Бұл туралы ол "Время" газетіне берген сұхбатында ашық айтқан.

"Мен басқа елдермен бірігіп, еуразиялық одақ елдеріне тезірек ортақ валюта енгізілгенін қалаймын. Біздің сауда және іскерлік қарым-қатынасты берік ұстанған екі көршіміз бар. Олар - Ресей мен Қытай. Қытайда экономикалық жағдай да, ұлттық валютасы юань да тұрақты. Алайда, геосаяси тұрғыдан, сондай-ақ халық санының тым үлкен айырмашылығына байланысты Қытаймен ортақ валюта қолдана алмаймыз. Ал Ресеймен бізді жүздеген жылдар байланыстырады. Сондықтан, рубль аймағына қосыла беруге болады", - дейді Талғат Акуов.

Талғат Акуовтың айтуынша, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер қолданатын жаңа валюта ойлап тапқаннан гөрі рубльді ортақ валюта ретінде енгізген әлдеқайда тиімді.

"Еуразиялық одақ елдеріне ортақ валюта ретінде рубльді қолданған дұрыс. Неге? Барлық елдегі экономистер жаңа валюта енгізу үшін 15-20 жыл керектігін айтады. Мемлекеттер келісімге келу үшін бес жыл кетсе, оны еуразиялық одақ елдеріне енгізу үшін тағы бес жыл керек. Жаңа валютаны әлем алдында таныстыру үшін де сонша уақыт кетеді. Ал егер рубльді ортақ валюта етіп бекітсек, бұл үдеріске әрі кетсе 2-3 жыл керек болуы мүмкін", - дейді Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының президенті.

Осы орайда, Талғат Акуов еліміздің тәуелсіздігіне нұқсан келмейтінін айтады.

"Біз патриотпыз, біз өз тәуелсіздігімізбен мақтанамыз. Алайда, Еуропаның өзі экономикалық одаққа бірігіп, ортақ валюта қолданып жатқанда, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге неге ортақ валюта қолданбасқа? Әлемдік дағдарыс кезінде Қазақстан өз тәуелсіздігіне нұқсан келтірмей, экономиканы да ұстап тұруы керек", - дейді Акуов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/991587-qazaqstandyq-sarapshy-rubldi-ortaq-v.html