RU

"Орда" тобы өз әндерінің мағынасын түсінбеген тыңдарманға таң қалды

Бүгін Turkvizyon-2015 байқауында екінші орын иеленген "Орда" тобы елге оралды. Жұлдызды топ сайыстан алған әсерлерімен бөлісті.

Топ мүшелері өткен жылы осы байқауда қазақстандық Жанар Дұғалова алғаннан кейін оның жетістігін қайталаудың қиын болатынын білген.

"Шыны керек, өткен жылы бірінші орынды Жанар алғаннан кейін, бізге қиынға соғарын іштей сездік. Биікке бір шыққан соң, ары қарай имиджді сақтау зор жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан, ашып айту керек, барған себебіміз осы болды. Жанар өзінің ұлттық, қазақи нұсқасын көрсетті. Енді біз Қазақстанды мүлдем басқа қырынан көрсетуді қаладық", - дейді әнші жігіттер.

Сонымен қатар, әншілер байқауда орындаған "Олай емес" атты әннің мән-жайын айтты.

"Бұл әннің мағынасын барлығы бірдей түсіне бермейді. "Олай емес" әні халыққа несімен ұнамай қалды? Осы сұрақ біздің де көкейімізде жүр. Сөзі өте керемет, мұнда өте терең ой, терең сезім, философия жатыр. Неге осы әнді орындадыңыздар деп халық сұрай береді. Сұрақтың мәнін сөзі жоқ, мағынасы жоқ деп түсіндіреді. Біреуі осы әнді мән беріп тыңдады ма екен?", - деп сауал тастады "Орда" тобының мүшелері.

Олардың айтунша, бірінші орын алған қырғыз әншілерінің жеңісі лайық болды. Сонымен қатар, олар қазылар алқасының шешімін әділ деп санайтынын да жасырмады.

"Он бес жыл ішінде оған етіміз үйреніп кетті. Қазақстанда қазіргі заманда мәдени дағдарыс болып жатыр деп те айтқымыз келмейді. Интернетті ашып қарасаңыз, барлық алып мемлекет тек экономикалық жақтан емес, өнерге осындай өзгеріс алып келіп жатыр. Мұны қарапайым халық біле бермейді, ол көбіне өнер адамдарына аян. Біз домбыраны алып шықпағандықтан, қазақи ән айтпағандықтан қазақ болмай қалмаймыз. Фольклордың не екенін және әлемдік музыканың не екенін бөліп қарастырып, түсіне білсек өте тамаша болар еді", - дейді топ мүшелері.

Еске салайық, жексенбіге қараған түні қазақстандық "Орда" тобы Turkvizyon байқауында екінші орын алған еді. Конкурста Қырғызстан музыканттары жеңімпаз атанды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/992367-orda-toby-turkvizyon-2015-bayqauynda-nege-qazaqy.html