RU

Илья Ильин жеке өміріндегі қиын кезеңдер туралы ағынан жарылып әңгімеледі

Атақты қазақстандық зілтемірші Илья Ильин жеке өмірінде кездескен қиындығы жайында ағынан жарыла әңгімеледі. Спортшы жүрек сырын Дана Нұржігіттің "Дара жол" бағдарламасында қалың көрерменге баяндап берді.

Илья Ильин ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасына қосылу үшін Алматыға ең алғаш 2005 жылы жиынға келеді. Жас жігіт көп ұзамай жаттығу залында Наталья есімді қызбен танысады. Наталья кәсіби тұрғыда гандболмен айналысқан.

"Қарасам, сұлу қыз жүр. Ботадай көздерін, сұлулығын бірден ұнаттым. Мен де оған бірден ұнаппын", - дейді Илья алғашқы әсері жайлы.

Бір-бірімен тығыз араласып кеткен спортшылардың жаттығу орнындағы бөлмелері де жақын болған. 2005 жылдан бастап бір жылдай дос болып жүрген Илья мен Наталья бір жылдан соң бірге тұра бастаған, тек үйленбеген.

"Біздің махаббатымыз күннен-күнге күшейді. Бір кездері жаттықтырушыларымыз екеуімізді айырғылары келді", - дейді Илья.

Ильяның айтуынша, бапкерлер Наташаның махаббаты Ильяның спорттағы көрсеткішіне кері ықпалын тигізеді деп ойлаған.

"Ромео мен Джульеттадай болдық. Жаттықтырушыларымыз Монтекки мен Капульетти әулеті секілді, бірақ, оның орнына гандбол мен ауыр атлетика. Ауыр атлетикадағы жаттықтырушылар "жоқ, болмайды" деп айқайлайды, гандболдағылар не болып жатқанын түсінбей аң-таң", - дейді Ильин әңгіме барысында.

Жас жігіттің сезімі жайында сол кездегі Спорт және туризм басқармасының басшысы Дәулет Тұрлыханов та өз ойын білдіріп, чемпионның махаббат мәселесін шешуге араласқан көрінеді.

"Мен жас жігітпін, чемпионмын. Бұл жас бойжеткен. Бұл іске Дәулет Болатұлы да араласты. Менің жаттықтырушым ашулы. Вилорий Пак тіпті "бұл қыз кедергі келтіріп жүр" деп шу көтеріп, Натальяның үстінен арыз да жазған", - дейді Илья сол бір қиын сәт жайлы.

"Қазір күлкілі ғой. Ал сол кезде жылағанымызды көрсеңіз, мен бар болғаны 15-16 жастамын, ал Наташа 19 жаста. Дәулет Болатұлы "неменеге айқай көтересіңдер? Мүмкін екеуін үйлендіріп, баспана берерміз" дейді. Ал жаттықтырушыларым біздің махаббатымыздың шынайы екендігіне сенбеді", - дейді чемпион.

Бүгінде қос ғашық ешкімге ренжімейтінін алға тартады. Тек Ильяның бапкерлері Натальяның олимпиадаға қатысуына кедергі болғанына күрсінеді.

"Олардың өздері сары уайымға салынды, үміт артқан адамы - мен, жеңіске қалай да жету қажет. Бәріне жеңіс керек, ал бізге махаббат керек дегендей, осы қажеттіліктер бір-біріне қарама-қайшы келді", - дейді зілтемірші.

Ильяның жаттықтырушылары жас жұптың екеуі де олимпиадаға барса бір-бірін мазалап, Ильиннің жеңіліп қалатынына қорыққан. Ал чемпионға ғашық болған Наталья спорттық мансабындағы сәтсіздікке әбден жылаған.

"Қыз емес пе, әбден жылады, мұның бар жазығы - ғашық болғандығы. Қолымнен келгені сол, барлығы ойдағыдай дедім де, пәтер жалдап орналастырдым. Бір қызымыз болса деп көптен бері армандап жүргенбіз. Қыз босансаң, атын Милана қоямыз деймін", - деп сөзін жалғастырды Илья.

2009 жылдың басында Наталья жарысқа қатысып жүргенде, жүкті болғанын біліп, ғашығына хабарлаған екен. Біраз үнсіздіктен соң ғана, Илья тосын жаңалыққа қуанышын білдіріп, сүйіктісін құттықтаған. Ал Натальяға тұрмысқа шығуға Лондон олимпиадасынан кейін ұсыныс жасаған.

"Лондон олимпиадасынан келгеннен кейін кілттің дөңгелегін алақаныма салып, күйеуге шық деп ұсыныс білдірдім. Наташа сақинаны алып, ұсынысымды қабылдады. Кейін бірақ, басқа сақина алып бердім", - дейді атақты зілтемірші.

Бүгінді спортшы отбасы Милана есімді қызын өсіріп, бақытты отбасылы өмір сүруде. 2016 жылы Рио де Жанейрода өтетін олимпиададан соң, Илья Ильин қазақ тілінде еркін сөйлеуге уәде берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/992463-ilya-ilin-zheke-omirindegi-qiyn-kezenh.html