RU

Бауыржан Әбдішевтің ағасы Қожамжаров пен Нығматулин жайлы жалған ақпарат бергенін мойындады

Қазыбек би аудандық сотында «Қаржы полициясы қызметкерлері ашық хатын» әзірлеген Дәулет Сәрсенбаевтың үстінен қозғалған сот аяқталды.

Естеріңізге сала кетейік, Серік Ахметовтің ісін тергеген тергеу тобы мүшелерінің жалған үндеуі осыдан бірнеше ай бұрын әлеуметтік желіде тараған болатын.

Сотталушы, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі, Серік Ахметовтің сыбайластарының бірі Бауыржан Әбдішевтің ағасы қоғамдық пікірге ықпал ету мақсатында тергеу тобының қызметкерлері атынан жалған хат дайындап, онда Нығматулин бастаған бірқатар беделді мемлекеттік қызметкердің атын атаған болатын.

Сот отырысында өзі мойындағандай, ол осы әрекеттері арқылы қоғамдық пікірге, «қарағандылық» іс бойынша сот шешіміне ықпал етуге тырысқан.

«Ахметов ісі бойынша сот жүріп жатқан кезде мен сотталушылардың бірі - бауырым (Б.Әбдішев - ескерту) қалай көмектесемін деп ойладым. Ең оңтайлы жол қоғамдағы пікірді қалыптастыратын, сот шешіміне ықпал етуі мүмкін ақпаратты БАҚ-та, әлеуметтік желілерде жариялау деп шештім», - деді сот отырысы барысында Сәрсенбаев.

Нақты дәлелдерден кейін Д.Сәрсенов өзі істеген ісін мойындауымен қатар өзі атына кір келтіргендерден кешірім де сұрады.

«Мен тергеу тобына қатысушылардан, Қожамжаров пен Нығматулиннің отбасынан шын ниетіммен кешірім сұраймын. Мен олардың отбасын білемін. Олар үлгілі, жақсы адамдар», - деді сотталушы.

Осылайша, Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының төрағасы Қайрат Қожамжаровқа, президент әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулиннің отбасына қатысты айыптаулар қасақана ұйымдастырылған жала екендігі анықталды.

Аталған хаттың жала екендігін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері әшкереледі. Мамандар Дәулет Сарсеновтен алынған заттай айғақтарға техникалық сараптама жүргізді. Ашық хаттың түпнұсқасы сотталушының компьютерінде дайындалғаны дәлелденді. Хат алғаш рет әлеуметтік желіде жарияланғаннан әлдеқайда ерте дайындалған. Мұнан бөлек, 50-ден астам куәгерден жауап алдынды. Олардан алынған түсініктер сотталушының жалған хатты дайындауға қатысы бар екендігін көрсетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/993322-qozhamzharov-pen-nyghmatulin-zhayly-zhalgh.html