RU

Беларусьтік блогер қазақстандық жол полицейлерін парақор, дөрекі деп айыптады

Беларусь азаматы Евгений Шапошников Қазақстанға сапарынан кейін еліміздің жол полицейлерінен көңілі қалған. Бұл туралы ол өзінің жеке Facebook парақшасында жазған.

"Қазақстанда ұнамағаны - жолдағы жабайылық. Ол жерде гаишниктер адамнан көп. Олардың дені ашушаң әрі дөрекі. 45 шақырым жерде 10 жұмыс экипажын санап шықтым. Бұл, тіпті арнайы операция да емес. Айыппұлдар мүлдем ақылға қонымсыз. Сағатына 10 шақырым жерге жылдамдықты асырғаның, белбеу тақпағаның үшін немесе телефонмен сөйлескенің үшін айыппұл - 66 доллар (5000 рубльге барады). Қазақстанда минималды жалақы 68 доллар, ал орташа жалақы 350 доллар екенін айтудың да қажеті шамалы", - деп жазады Шапошников.

"Алматыда камералар өте көп. Не болса бәрін түсіре береді - стоп-сызығына шығып кетуден бастап, сарыға өтіп кетуіңе дейін. Соның салдарынан барлық лек жасыл өшуге 2-3 секунд қалғанда тоқтай бастайды. Мұның бәрі жүргізушілерге көмектеседі деп ойлайсыз ба? Мұнда жантүршігерлік жол апаттарының саны Минскіні екі орап алады. Камералар іліп қойғанымен жаяу жүргіншілер жолдарының жартысы жарықтандырылмаған. Бұрынғы астанадан 10 шақырым жердегі елді мекендердің де жолдары тас қараңғы", - дейді Шапошников.

"Бір жолы мені Пассатпен сағатына 20-30 шақырым жылдамдықта келе жатқан көшпенділерді басып озу үшін жолдың қарсы бағытына шыққаным үшін тоқтатты. Гаишник ЖЖЕ-сінде жолдың қарсы бағытына шығу үшін айыппұл емес, бір жылға жүргізуші құқынан айыру қарастырылғанын көрсетті. Мен оған алсаң ала бер, Беларусьта ондай жоқ, мен бәрін қалпына келтіре саламын дедім. Сонда ол протокол жазуға кірісті деп ойлайсыз ба? Ол мені ақыл-есі дұрыс емес деп менің жолаушыларыммен саудаласуға кірісті. Осыдан кейін байқағаным, кез-келген ЖЖЕ-ні бұзғаның үшін көлікке құжаттарыңды қарап жатқан ешкім жоқ, протоколды да ешкім жазбайды. Жабайылық пен орта ғасыр. Гаишниктерінің бәрі жүргізушімен қол алысып амандасады да олардың қалтасын әдемі қағып алады", - деп жалғастырды ол.

Айта кетерлігі, жазбаға әртүрлі пікірлер қалдырылуда. Біреу Шапошниковқа ұнамаса Қазақстанға келмей-ақ қоюға кеңес берсе, енді бірі  автормен келісіп, қазақстандық полицейлерді жарыса сынаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/993357-belorus-qazaqstandyq-zhol-policeyler.html