RU

Отандық жұлдыздар жас көріну үшін не істеу керектігін айтты

Кез-келген жанның, әсіресе, әйел адамының әрдайым жас көрінгісі келетіні баршаға аян. Отандық жұлдыздар да күтіміне көп көңіл бөліп, жұрт алдында жарқырап жүргенді қалайды. Осы себепті, сұлулығына аса мән беретін еліміздің танымал тұлғалары жас көрінудің сырымен бөлісті.

"Көңіл-күй, махаббат, сенім, өмірге деген құштарлығы, өзінің ісіне деген құлшынысы арқылы ғана адам жас көріне алады. Және әйел адам болғаннан соң өз-өзіне күтім жасап, демалып, салондарға барып тұрған жөн", - дейді әнші Майра Мұхамедқызы.

Ал актриса әрі журналист Салтанат Қалиева жас көрінудің себебін жан дүниесінің тазалығымен түсіндіреді, деп жазады anabol.kz.

"Жүректегі махаббат, шынайылық, ақ ниет пен пәк көңіл кез-келген жанның жас көрінуіне септігін тигізері хақ. Яғни, тән сұлулығы- жан сұлулығының кепілі дегім келеді", - дейді актриса.

Ал үнемі бір қалыпта жүретін танымал тележүргізуші Мадина Балғабаева спортпен айналысып, денені әркез шынықтырып тұру керектігін айтады.

"Мен ең бірінші, бет күтіміне, дене бітіміме өте үлкен мән беремін. Спортпен айналысып, табиғатқа көп шығамын", - дейді тележүргізуші.

Мадинаның сөзінше, ол ешкімге кек сақтамайтын көрінеді, жаман ойға батпай, жағымсыз эмоциядан аулақ болып, өткен-кеткенге өкінбейді. Тележүргізуші бірден бойынан жаман энергияны шығарып, жеңіл, емін-еркін өмір сүруге тырысуының арқасында жас көрінетінін алға тартты.

Ал тележүргізуші Сандуғаш Сұлтан жасару үшін ештеңе қолданбайтынын айтады. Ол жуынған кезде тек теріні жұмсартатын крем ғана пайдаланады екен. Сандуғаштың ойынша, адамды жасартатын тек жан жарасымы, жүрек тыныштығы. Жас көрінудің сыры жан дүниедегі махаббат пен сүйіспеншілікте жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/993442-otandyq-zhuldyzdar-zhas-korinu-ushin-ne.html