RU

Белгілі қазақстандық журналисті әуежайда тонап кетті

Танымал журналист Гүлнар Бажкенованы әуежайда тонап кетті. Әзірге нақты қай әуежай екені белгісіз. Бұл туралы журналистің өзі жеке Facebook парақшасында хабарлаған.

"Мені тонап кетті. Парижде сатып алған заттарымды Астанадан Алматыға ұшқан кезімде чемоданымнан алып кеткен. Жоғалғанын тек таңертең байқадым. Ұрыны іздеп күн ұзақ жүрдік. Өз заттарымды қайтара алуым екіталай сияқты. Бірақ бір нәрсеге көзім жетті. Багаждан заттарды ұрлау жиі болып жатады және олар жазасыз құтылып кетуде", - деп жазды Бажкенова.

"Маған бұл жиі болып тұрады, жалғыз сіз жапа шекпедіңіз деп оп-оңай айта салды. Бастапқыда мұны Астана әуежайы багажды іздеу бөлімінің қызметкері еш қымсынбастан мәлімдесе, кейін Астана әуежайының қызметкерлері де растап берді. Олар заттардың Алматыда да ұрлануы мүмкін екенін алға тартуда. Алайда менің жерге қонып, чемоданымды алғаныма дейін аз ғана уақыт өткен. Әрі кетсе 15 минут. Ал ұшақтарды техникалық ақауларға бола ауыстырған. Астана портында болса, чемоданымды багажға өткізіп, рейс кешіккендіктен 4 сағат күтіп отырдым", - деп күдіктерін жасырмады Гүлнар.

"Менің жағдайыма немқұрайлы қарап тұрғандарын сезгесін, амалсыз журналист екенімді, бұл жайтты жалпақ жұртқа жаятынымды айттым. Менің жоғалған заттарымды емес, қауіпсіздіктің ақсап тұрғанын жария ететінімді ескерттім", - дейді зардап шегуші.

Журналист әуежайда камералар мен электроника толып тұрғанда қалайша багаж тоналатынын түсінбей дал. "Париждегі терактілерден кейін" қауіпсіздікті күшейткені сонша, қызметкерлер жолаушылардың чемоданын еркін ақтара алатын" болғанын айтқан Гүлнар бұның салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертті.

"Егер адам чемоданнан зат ала алса, өзге дүние сала салуы да әбден мүмкін. Тіпті бұған көбірек тер төгеді десек те. Шарм-Эль-Шейхтегі ресейлік ұшақты еске алыңыздар", - деді Бажкенова.

Өз күдіктерін полицейге айтқан Гүлнарға Астана әуежайы полициясы басшысының орынбасары хабарласқан. Ол да зардап шегушіден заты Астанада емес Алматыда ұрланғанына не себепті сенімді екенін сұраған.

Ол арыз қабылданғанын және чемоданның әуежайда жүруін камера бойынша тексеріп шығатынын мәлімдеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/993470-qazaqstandyqtar-almaty-men-astana-au.html