RU

Қазақстандықтар сексуалды тұрғыдан қанағаттанбай, көңілдес тапқаны үшін ажырасып жатыр

Қазақстанда тіркелген некелердің үштен бірі жыл сайын бұзылуда. Статистика күн санап өсіп жатыр. Осы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде ажырасу саны 3,4 пайызға көбейген. Ал неке қию 4 пайызға азайған деп жазады NUR.KZ.

Ажырасуға жиі себеп болатын жайт - материалдық жағдайдың төмен болуы және балалардың болмауы. Репродукция орталығының дәрігерлері қазіргі жұптардың 50 пайызы бала көтере алмай жүргенін айтса, қаржыгерлер жас жұбайлардың жағдайы көтермесе де отау көтеруге асығатынын алға тартуда.

«Қазақстан мен Орталық Азия отбасы институты» ажырасудың басты себептері ретінде отбасындағы зорлық-зомбылық, сексуалды тұрғыдан қанағаттанбау, бала сүйе алмау, түрлі әуестіктер - нашақорлық, ішкілікке салыну, интернет, тіпті теледидарға тәуелді болу, көзге шөп салу және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді атады. Бұдан өзге, дін мәселесіндегі көзқарастардың сәйкес келмеуі, түрлі әлеуметтік жағдай, эгоизм, ата-ананың және туыстарының жеке өмірлеріне араласуы да ажырасуға себеп болуы мүмкін.

«Қазақстан мен Орталық Азия отбасы институтының» директорлар кеңесінің мүшесі Фатима Багиярованың пікірінше, ажырасуға басты себептердің бірі - әйелдердің еркін бола түсуі.

«Әйел өзгеріп кетті. Заманауи, отбасылық жауапкершілікті күйеуімен бірге бөлісетін. Ол өзін күйеуімен бір деңгейде ұстайды. Мұның бәрі әйелдің өз құқықтарын алға тартып, күйеуінің отбасында өзін пайдалануға, "күтушісі" етуге қарсылық білдіруіне әкеліп соқтырады. Егер отбасы оны лайықты құрметпен қабылдамады деп санаса, ажырасуға асығады», - дейді ол.

Фатиманың айтуынша, ажырасу туралы бірінші болып әңгіме қозғайтындар  - әйелдер. Маман нәзік жандылардың шыдамсыз болып кеткеніне таң. Ол әйелдердің, тіпті бейтаныс әйелден келген болмашы хабарламадан немесе жақын туыстарының қарызға ақша сұрауынан кейін ажырасамын деп байбалам салғандарына куә болған. Фатима мұны бұрыннан ажырасқысы келетіндердің сылтау іздеуден туындаған әрекеті деп санайды.

Ал шын мәнісінде ажырасуға әлдеқайда түкпірде жатқан себептер итермелейді екен: есеппен некелесу, еркіндікті жоғалтудан қорқу, отбасылық құндылықтардың болмауы, кешіре білмеу және қарым-қатынасты құра білмеу.

Жас жұбайлардың бірі ғашығын өзіне емес, жақындарына ұнағаны үшін ғана таңдай салып, қателік жасауы мүмкін. Ондай жағдайда ол өзіне жар емес, үйіне келін таңдаған болып шығады.

Психолог жастардың, әсіресе бойжеткендердің кей-кездері отау құруды қатыгез ата-анасынан қашып құтылудың амалы ретінде көретіндерін жасырмайды. Жолдасын құтқарушы ретінде көріп, отбасын құру ниетімен емес, қорған іздеп барғандар, ақыры күйеуінен де дәл сондай қорлықтарға тап болады.

Жанат Смирнованың ойынша, ажырасуға бала кездегі көргендері де себеп болуы мүмкін.

«Қарым-қатынасты сақтап қалудың орнына, замануи жұптардың дені өзге серік іздеуге кіріседі. Бұған балалық шағы, ата-анасының жіберген қателігі себеп. Оларды тым қатты еркелетіп, қалағанын алып беруі осындай салдарға әкелуі мүмкін», - дейді ол.

Әр жұптың ажырасуы әрқандай мерзімге созылады. Дегенмен, Фатима Арыстанқызы жұптардың ажырасуға бел бууына бір жыл жеткілікті екенін алға тартты.

Ал психолог Жанат Смирнова ішкілікке салынған күйеуінен ажырасу үшін 20 жыл ойланған келіншекті есіне алды, ол әлі күнге дейін бір шешімге келе алмай отыр.

Маман некелесулеріне 5-7 және 18-20 жыл толғандардың қарым-қатынасы сынақ кезеңіне түсетінін ескертті. Нақты осы мерзімдегі отбасылар айырылысып жатады екен.

Ажырасуға жиі себеп болатын тағы бір мәселе - ене мен келіннің қарым-қатынасы деп санайды Фатима Багиярова.

«Отбасылық құндылықтар әр түрлі болады. Бүгінде келіннің орны өзгеріп кеткен. Әйел жолдасымен бірдей құқықтарға ие. Жоғары білімі, жұмысы бар. Сәйкесінше, келін өзіне құрметпен қарауын талап етеді. Үй шаруасынан толықтай бас тартпағанымен, оның "құлына" айналғысы келмейтін келіндер көбейген. Енелер де жақсы жұмыс тапқан келіндерін үй шаруасынан толықтай босатып жатады. Декреттік демалысқа әйел емес, баланың ата-әжесі шығып жататын жағдайлар да жоқ емес. Отбасында негізгі табысты әйелі әкеліп отырған жанұялар да баршылық», - дейді Фатима Арыстанқызы.

Мамандар балаларын қойнынан шығармай жүретін ата-аналарға аздап ойлануға кеңес берді.

«Заманауи ата-ана өз баласын еркіндікке, өзінен шалғай жерге өте кеш жібереді, ал кей-кездері, тіпті жібермей қояды. Содан кейін жас жұбайлар жаңа ортаға үйренісе алмай, әрқайсысы өз ата-анасының үйіне шағымдарымен қашқақтай бастайды», - дейді психолог.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/994499-qazaqstandyqtar-seksualdy-turghydan.html