RU

Тәжікстанда жаңа жылды тойлау кезінде шырша орнатуға тыйым салынды

Тәжікстанның білім және ғылым министрлігі білім беру мекемелеріне Жаңа жылдың басты нышаны – шырша қоймауды кезекті мәрте тапсырды.

Бұл туралы «Азия-плюс» хабарлады деп жазады ras.kz.

Республиканың білім және ғылым министрі Нуриддин Саидтің 21 желтоқсан күні таратылған өкімінде тек жанды шырша ғана емес, оның жасанды түрін қоюға да болмайтыны атап көрсетілген.

«Шырша ағашын кесу мен шыршаның кез келген түрін қондыруға, пиротехникаларды пайдалануға, жаңажылдық дастархан жаюға, сый-сияпаттар тапсыруға, білім беру мекемелері оқушылары үшін ресторанда мерекелік кештер өткізуге үзілді-кесілді тыйым салынады», делінген министрдің өкімінде.

Министрлік сондай-ақ жаңажылдық мереке күндері білім беру мекемелерінде қабырға газеттерін шығаруды, мәдени және әдеби шаралар өткізуді, сондай-ақ спорт жарыстарын ұйымдастыруды ұсынады.

Министрдің тапсырмасында бұдан бөлек, елдің жоғары оқу орындарында 2015 жылғы 25-31 желтоқсан аралығы мен 2016 жылғы 1 қаңтарда аталмыш оқу орындарының жауапты тұлғаларынан кезекшілік ұйымдастыру керек екені, сондай-ақ өрт және азаматтар қауіпсіздігі сақталуға тиіс екені атап көрсетілген.

Тәжікстанда білім және ғылым министрлігінің мұндай бірінші бұйрығы 2013 жылы шыққан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/994614-tazhikstanda-zhanha-zhyldy-toylau-kezind.html