RU

Ғалымжан Молданазар "той-жұлдыздарын" теледидардан аластатуды ұсынды

Отандық шоу-бизнесте ситипоп стилімен, ән айту мәнерімен көзге түскен өнерпаз Ғалымжан Молданазар қазақ эстрадасындағы той әндерін орындайтын әртістерді теледидардан көрсетпеу керектігін айтты.

Жас әнші сахнадағы әріптестерінің той үшін ғана жұмыс істеп жатқанына қатты қынжылады. Оның пікірінше, қазіргі әндердің сөзі махаббат туралы болса да, музыкасы тойда адамдарды билетуге арналған.

"Музыкалық арналарды ашып қарасаңыз әндердің барлығы тойға арналған. Қай ақын жазса да, сөзі «Той құтты болсын!» дегенді меңзейді. Басқа ешнәрсе жоқ. Сол үшін халық та сондай музыкаға үйреніп қалған. Негізінде ондай әнді теледидардан көрсетпеу керек", - дейді Ғалымжан Молданазар.

Өзі үшін жұмыс жасайтын және өзін шоу-бизнес өкілі санамайтын әнші көрерменнің оны әрқалай қабылдайтынын жасырмайды. Біреуі Ғалымжанның шығармашылығынан ерекшелік тапса, біреуі оны ерсі санайды екен.

Әлем жұлдыздарының қолданатын техникасы елімізде де бар екенін атай келе, Молданазар қазақстандық әртістерді де өнер деңгейін көтеруге шақырды.

"Бізге тек жасау керек. Сөйлей бермей... 2000 жылдан бастап әншілер жиналып алып, фонаграмма туралы әңгіме айтады. Естігім келмейді енді. Тек айта береді, айта береді. Бірақ өздері сол фонограммамен әлі сол тойда жүр. Оны айтпау керек, оны істеу керек. Сол кезде бірнәрсе өзгереді", - дейді әнші.

Дегенмен, Ғалымжан қазақ өнерінің тарландары Роза Бағланованы, жастайынан Мейрамбек Беспаевты, Құрмаш Махановты, "Орда" тобын, Бақытжан Қажымұқановты сүйіп тыңдайды. Ғалымжан Молданазардың ән орындау стилін қазаққа тән емес деп санайтындарға да әншінің өз жауабы бар.

"Өнерің қазаққа тән емес" дегенді көп естимін. Сол қазаққа тән емес деп айтатын адамдар, жақсылап ойланыңыздар! Сіз киіп жүрген киімді, ұстап жүрген телефонды қай атаңыз пайладанды? Үстіңіздегі қара костюм шалбарды ата-бабаңыз киген бе? Соны қазақи деп ойлайсыз ба? Киіз үйде тұрыңыз, сонда таза қазақ боласыз. Жұмыс істемеңіз, қоғамдық көлікпен жүрмеңіз, атпен жүріңіз. Көшпенді өмірмен өмір сүріңіз, сонда қазақ боласыз. Мен – қазақпын. Тілім – қазақ, жаным — қазақ. Осындай пікірді есту маған ауыр тиеді", - деп ойын түйіндеді Ғалымжан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/994806-ghalymzhan-moldanazar-toy-anderin-tele.html