RU

Қайтыс болған адамдарды емдейтін ақтөбелік дәрігерлердің ісі жаға ұстатты

Ақтөбеде қайтыс болған адамдарға ем жүргізген дəрігерлер бюджет миллиондарын иемденіп отырған. Ал тірілерге тегін алуы тиіс дəрісін бермеген деп жазады NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбенің дəрігерлері өлілерді жарылқауын доғарар емес. Əйтеке би ауданындық ауруханасы  о дүниелік болған алты адамға ем жүргізген. Осылай миллиондаған қаржы игерілген. Өлілерді емдеуге қаржы аударған дерек қалалық ауруханалардан да тіркелген. Дəрігерлер есесіне асқынған ауруларға тегін берілетін дəрілерді сатып келген.

"Хромтау ауданында екі тұрғын, Шалқар ауданында 12 адам тегін берілетін тиесілі дəрілерін ала алмаған. Облыста медицина саласына жүргізілген екі айлық тексеру кезінде 208 заң бұзушылық анықталды. №3 қалалық ауруханада ең көп заң бұзушылық анықталып отыр",- дейді облыстық прокуратураның бірінші басқарма басшысы Маратбек Мырзамұратов.

Сонымен қатар, облыс прокурорлары мектеп оқушыларының жаппай өкпе ауруына шалдығуына дəрігерлердің кінəсінен болуы мүмкін дейді.

"Мұғалжар ауданында 9 класс оқушысына дұрыс диагноз қоймауының салдарынан басқа балалар зақымданған. Өкпе ауруының ашық түрімен ауыратын бала оннан аса баланы зақымдаған",-дейді прокурор.

Бүгін прокурорлар жауапсыз дəрігерлер ісін май шаммен қарап жатыр.  Денсаулық сақтау департаментінің басшысынан бастап, ісіне жауапсыз қараған бас дəрігерлер прокуратураға жиналды. Денсаулық сақтау саласының ушыққан жағдайын қараған отырысқа тілшілер жіберілген жоқ. Тек басқарма басшысы журналистерге жағдайды қысқаша түсіндірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/994852-qaytys-bolghan-adamdardy-emdeytin-aqt.html