RU

Алматылықтар 2,5 млн-ға шырша сатып алып жатыр

Жаңа жылға дейін тура 9 күн қалды. Мейрамның иісі сезіле салысымен, жұртшылық көп күтпей мерекеге дайындықты бастап кеттi деп хабарлайды 31 арна.

Базарлар мен дүкен сөрелерінде жасыл шыршалардың түр-түрі самсап тұр. Ең арзаны 2000 теңгеге бағаланса, ең қымбаты 2,5 миллионға бірақ жетеді екен.

Келер жылдың қысылтаяң болатынын қаржыгерлер қанше ескертіп жатқанымен тұрғындарымыз мерекелік думаннан бас тартуға асықпай тұр. Ең құрығанда үйге шырша әкеліп, оны әшекейлеуден ешкім аянып қалмауда. Қылқанның иісі аңқымаса да, жасанды жасыл ағаштардың бастапқы құны 2000 теңгеден. Биіктігі мен сапасына қарай 35 мыңға дейін бағаланған.

"Қазіргі бағалар аспандап тұр. Жаңа жылды қарсы алу жылдан-жылға қымбат болып бара жатыр. Шыршалар мен әшекей бұйымдарының құны ұшып тұр", - дейді тұрғын Әсия Қалибек.

Неше жылдан бері Америкаға қоныс аударған қазақтың кәсіби боксшысы Қанат Ислам батыс елі жаңа жыл мерекесін кең құлаш қарсы алатынын айтады. Соған қарамастан өз басы желтоқсанның 31-не астатөк шығындалмайды екен.

"Жо-жо-жоқ! Енді ол біздің, жалпы өзіміздің қазақ ұлтына жат нәрсе ғой. Сол үшін мен жылда қалай қарсы аламыз, солай қарсы аламын", - дейді кәсіпқой боксшы Қанат Ислам.

Десе де қымбат безендірілген жаңа жылдық шырша абыройдың белгісі деп санайтындар көп. Тіпті ақшасын миллиондап шашатындар да бар екен. Бір данасы 14 мың теңге тұратын шырша әбзеліне ақшасын қиып, қорап-қорап етіп үйіне көтеріп әкететіндер де баршылық. Ал шыршасын бөлек құрып, ойыншығын біреулеп іліп, әбігерге түскісі келмейтіндер дизайнердің талғамымен құрылған дайын шыршаны бірден көтеріп әкетеді екен. Олардың ең қымбаты бірнеше күн бұрын 2,5 миллионға сатылып кеткен екен.

"1 миллион 600 мың - бұл безендірілмеген шыршаның құны. Оның әшекей ойыншықтары бөлек сатылды. 3,5 метрлік биік шырша болғандықтан, безендірілуі 900 мың теңгедей болды. Сонда оның құны 2 миллион 500 мың теңгеден асты, бұл жеңілдікті ескермегенде. Одан бөлек жаңа жыл қарсаңында үйінің іші-сыртын, ауласы мен шатырының толық безендірілгенін қалайтын, оған тапсырыс беретін клиенттеріміз де бар", - дейді дүкеннің бас директоры Аян Әжғалиев.

Осылайша қалталылардың бір күндік ермегі болар қылқанды шырша бір отбасыға 35 жыл азық болар 400 қап ұнмен пара-пар тұрады екен. Ал дүкен иелері жыл сайын кемінде 40 шырша сатамыз деп отыр. Таңдау бар, тек талғам мен қолда қаражат болса болғаны.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/995827-keler-zhyldynh-qysyltayanh-bolatynyn-qar.html