RU

Отандық журналист қазақ қызын жалаңаштауға "атсалысып" жүрген телеарналарды айыптады

Отандық журналист, қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы қазақ қызын жалаңаштауға "атсалысып" жүрген телеарналарды айыптады, деп жазады NUR.KZ "Қазақстан-заман" басылымына сілтеме жасап.

"Кеше телеарнада Қарақат Әбділдина қызым кеудесі жартылай ашық (Еуропаның соңғы модасы болса керек) көйлекпен бағдарлама жүргізіп отыр. Ел алдында жүрген қазақ қызының мұнысы шектен шыққандық емей немене?", - деп шамданды журналист.

Қоғам қайраткерінің пікірінше, Айгүл Иманбаева, Мәдина Сәдуақасова секілді бір топ қазақ әншілерін сахнадан жалаңаш көруге көз үйренген. Иықтың жалаңаштанғаны жай, қазір ол төске қарай жол тартып барады. Ол бара-бара кіндікке түседі, сосын қазақтың түбіне жетеді.

"Дінді сөз етпей-ақ қоялық, ата-баба салт-дәстүрінде жоқ қылыққа бұлар неге үйір болды?! Ойды шашыратпай, Қарақатқа қайта оралайық. Тым болмаса жанашыр біреу (бәлкім ағасы, әріптесі, әпкесі): «Қарақат-ау, андағы кейпіңмен миллиондарға қалай көрінесің? Ұят қой!» — деп айтуға жарамағаны ма? «Қызға қырық үйден тыйым» кеткені ме шынымен қазақтан…", - деп ашынады Сәуле Мешітбайқызы.

Қарақат Әбілдинаның ашық киіміне ұялып отырған кейуана кешкісін "Ду-думан" бағдарламасында Жанатбектің қасына төсін "жарқыратып" еріп шыққан жүргізушіні көргенде, есінен тана жаздағанын баяндады.

"Өзі мәз. Айылын жиятын емес. Ол үшін бір мен емес, ұяты бар қазақтың бәрі шошығаны анық. Апыр-ай, Қарақатта төсін жапқан дәке секілді бір нәрсе бар еді, мынада ол да жоқ", - дейді қоғам қайраткері.

"Екеуінің де көйлектерінің үстіңгі жиегінен ашық-шашық… Омыраулары дал-дал… Айтуға ұят. Тап осылай киініп, «жалаңаштану» қызметіне кіріскен тележүргізуші ханымдарға тоқтау бола ма? Әлде осылай жалғасын таба бере ме? Қазақ қызына тән иба, ұят пен аят қайда қалды?", - деп кейіді журналист.

Қоғам қайраткеріне телеарналардағы басшылар жөнге келтірер күн қашан туар екен? Сахна мәдениетін ескермей, ұлттық болмыстан жұрдай болып бара жатқандарға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» қашан табылар екен? деген ойлар күндіз-түні маза бермейді.

"Өзім ана болғасын жүрегім ауырады. Бұдан асқан масқара қазақ қоғамында бұрын-соңды болмаған! Біз қайда кетіп барамыз, ағайын?!", - деп көрерменге сауал тастады журналист Сәуле Мешітбайқызы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/996148-otandyq-zhurnalist-qazaq-qyzyn-zhalanha.html