RU

Ақтөбедегі қаңғыбастар тұратын мекеменің қызметкерлері жаппай ауруға шалдығып жатыр (фото)

Ақтөбеде мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің өмірі қауіп үстінде. Қауіпті адамдармен жұмыс жасайтын орталық қызметкерлері жаппай құрт ауруына шалдығып жатыр.

Бұл туралы аймақтағы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

«Ақтөбедегі белгілі тұрағы жоқ және қылмыстық жазасын өтеген тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу" орталығында жағдай ушығып тұр. Ғимарат санитарлық талапқа сай емес. Еш тексерілместен қабылданатын қаңғыбастармен бір есіктен кіріп жүрген мекеменің бірнеше қызметкері жұқпалы аурумен зақымданып үлгерген.

 Бір өкпесінен айырылған қызметкер тірі қалу үшін жұмысынан кетті

Медициналық тексерістен дені сау болып, бейімдеу орталығына жұмысқа кірген қызметкер өкпе ауруына шалдықты. Өкпе ауруының ашық түрін жұқтырған техникалық қызметкердің өкпесіне су жиналып, бір жақ өкпесін алдыруға тура келген. Ол орталыққа келгендермен жақын жұмыс жасағандардың қатарында. Өкпе ауруынан ұзақ уақыт емделген қызметкер орталыққа қайтып келген жоқ. Санитарлық талапқа сай келмейтін орынға қайта барсам, ауруымды асқындырып, тірі қалмауым да мүмкін деп қорыққан. Қорқыныштың да жөні бар. Орталықта жұмыс жасайтын басқа қызметкер де құрт ауруына шалдығып жатыр. Ұзақ уақыт ем алып келгеннен кейін жалақы үшін жұмысын жалғастырып жүргендер де бар.

Бір емес, бірнеше қызметкері құрт ауруына шалдығып жатқан орталыққа тиісті мекемелер бей-жай қарап отыр. Қаңғыбастар мен қызметкерлер бір есіктен кіреді. Әкімшілік орны да оқшауланбаған. Орталықтағы оқшаулау изоляторы да кіре берісте орналасқан. Қызметкерлердің қауіпсіздігі сақталмаған. Олар жауапты мекемелерге жазған әкімшілік ғимаратын оқшаулау туралы ұсыныстарынының жауапсыз қалып жатқандарын айтады.

Шенділерді сендіру үшін енді қанша қызметкердің дертке шалдығуы керек екені белгісіз.

Қаңғыбастар қамқорлықта

Үйсіз-күйсіз жүрген қаңғыбастардың жағдайын жасау үшін мекемеде 50-ден аса қызметкер жұмыс жасайды. Бейімдеу орталығын белгілі бір мерзімге дейін тұруға рұқсат етілген 65 адам паналап отыр. Одан бөлек орталықтың жертөлесінде 20 адам түнеп шыға алады. Ол жерде де жылы орын, жаюлы төсегі бар. Жертөледе түнеп шығатындар үшін тамақ берілмейді. Олар тек түнгі мезгілде келіп қонып кетеді.

«Түнде барып қонып жүрмін, 20 адамды жертөлеге кіргізеді. Артық сыймайды. Қаңғыбастар көп. Әйел-еркегі бір бөлмеде түнеп шығамыз. Ол жерде терезе де жоқ. Ауа келмейді»,- дейді орталықты жағалап жүрген қаңғыбастардың бірі.

 Қараусыз қалған қариялар сыйлық күтеді

Орталықты бірнеше жылдан бері паналап келе жатқан қариялар бар.

«Біз бір осы жерде жатқан бомж сияқтымыз. Жұрттар зейнетақысын алғанда кәмпит-печеньесін алып, шай ішеді. Ал біз мөлиіп отырамыз. Орталық қызметкерлері құжат жасап беруге кемектескісі келіп біраз талпынды. Бірақ әлі болмай жатыр»,- дейді Мыңтұрған Жолаханов.

Ол орталықта 2014 жылдан бері тұрады. Мекеме туу туралы куәлігі мен туу туралы акт жазбасының көшірмесін алуға көмектескен. Көші-қон полициясына Қазақстанның азаматтығын алуға жазған арызына әлі күнге дейін жауап болмай отыр.

Орталықта зейнет жасына жетсе де зейнетақысын ала алмай, не қарттар үйіне бара алмай отырған қариялар көбейген.

Қаңғыбастар үйін мекен еткендер өздеріне мереке күндері көңіл бөлінсе екен дейді. Қаңғыбас атанған қариялар өздерінің қарттар күнінде де басқа мерекелерде де елеусіз қалатындарын айтады.

Жаңа жылға тәттілер алсақ деп күтеді.

Лас киімдер өртеледі

Ақтөбеде қаңғыбастар жылдағыдан әлдеқайда көбейген. Бейімдеу орталығына кіріп-шығып жатқандар көп.

«Бізге келушілер жатын орнымен қамтамасыз етілген. Тұрақты жатқандарға тамақ беріледі. Үстеріне таза киім береміз. Киіп келген киімдері өте лас болады. Тіпті тазалағау келмейді. Сондықтан оларды лақтырып, жаңа киім береміз. Олар жаңа киімді киіп қашып кетіп, қайтадан лас қылып әкеледі. Сондықтан кейде адамдарға киім жеткізе алмай қиналып қалатын кезіміз болады. Әсіресе қыс мезгілінде жылы киімдер қажет. Тұрғындар өздерінен қалған киімді әкеліп тастаса екен»,- деген мекеме қызметкерлерінің шағын өтініші бар.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/996787-aqtobedegi-qanhghybastar-turatyn-meke.html