RU

Жас дизайнер 30 жылға дейін тозбайтын жемпір ойлап тапты

Ұлыбританиялық жас дизайнер 30 жыл кисең де, түсі оңып кетпейтін әрі тозбайтын жаңа үлгідегі жемпір ойлап тапты. Айтуынша, оның идеясынан туындаған киім жыл сайын өзгеріп отыратын сән үлгісіне тоқтау жасап, тұрмыстық қалдықты азайтады.

Лондондық дизайнер Том Кридлэнд. Сән саласында өзіндік жаңалық енгізгісі келген 25 жастағы жігіт дәстүрлі кәсіп пен жаңа технологияны біріктіріп, жаңа мата түрін ойлап тапқан. Сөйтіп ол матадан өте төзімді киім тіккен. Сөзіне қарағанда, инновациялық трикотаждан жасалған жемпір 30 жылға дейін тозбайды және құны теңгеге шаққанда 25 мың тұрады.

"Киімнің матасы табиғи мақта мен аз ғана полиэстер деп аталатын синтетикалық қоспадан тігілген. Оның 1 метрінде 360 грамм мақта бар. Оны Португалиядан алдырамын. Өзім жартылай португалдық болғаннан кейін солардың көмегіне жүгіндім. Соншалықты сәнді болмаса да, өте шыдамды әрі киюге ыңғайлы", - дейді кәсіпкер дизайнер Том Кридлэнд.

Ал лондондық жас дизайнер әріптестік орнатқан португалдық фирма 1964 жылдан бері мата саласында жұмыс істеп келеді. Олардың 1970 жылдары тіккен жемпірлері осы күнге дейін сол қалпында сақталған. Бүгінде кәсіпкерлер дәстүрлі әдістер мен замануи материалдарды біріктіріп өнім шығаруға кіріскен.

"Өз өніміміздің сапасы 30 жылға дейін жететініне толық кепілдік беремін. Оның үстіне қоршаған ортаға да ешқандай зиян келтіріп, қалдық шашпаймыз. Сондықтан табиғи таза өнім десем де болады", - дейді дизайнер.

Сапасы нашар, арзанқол матадан тігілген киімнің тез қоқысқа кететіні де белгілі. Ал Том өзінің тозбайтын жемпірлерін халық арасында таныту үшін Рождество алдындағы саудада сатуды жоспарлап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/996819-zhas-dizayner-30-zhylgha-deyin-tozbaytyn-zhe.html