RU

Ақтөбе облысының тұрғыны аяқ астынан "магнит адамға" айналып кетті (фото)

Темір ауданындағы Шұбарқұдық елді мекенінің тұрғыны ойламаған жерден “магнит адамға” айналып шыға келді деп жазады kerek-info.kz.

Зейнеткер Темірхан Әділханов бар ғұмырын бала оқытуға арнаған адам. Қазір зейнет демалысында.

Зейнеткердің жалаңаш денесіне қасық-шанышқы, ұялы телефон, құрамында әртүрлі металлы бар бұйымның бәрі жабыса береді. Оған Темірхан Әділхановтың өзге тұрмақ, өзі де аң-таң. Зейнеткер өз бойындағы өзгерісті осыдан бір апта бұрын ғана байқаған. Тап сол кезде оның дене қызуы да шектен тыс жоғарылап кетіпті.

"Денемнің қызуы 40 градустан асып кетсе де еш жерім ауырған жоқ. Тіпті әлсіздік те, бас айналып, лоқсу, ауыру дегенді мүлдем сезбедім. Содан түскі ас ішіп отырып, қасығымды дастарқанға қояйын десем, ол кеудеме жабысып қалды. Ал керек болса! Мұндай да қызық болады екен?! Дереу дастарқандағы қасықтардың бәрін денеме жақындатсам, кеудеме тарс-тарс етіп жабысып жатыр",- дейді аяқ астынан “магнит адамға” айналып шыға келген темірлік зейнеткер.

Шұбарқұдық - шағын ғана ауыл. Осы ауылдың тұрғыны Темірхан Әділхановтың “магнит адамға” айналғаны туралы хабар көрші-көлемнің арасында тез таралып кетті. Мұны естіген “магнит адамның” көршілері, туған-туыстары мен замандастары түрлі темір-терсекті әкеліп, зейнеткердің денесіне жапсырып қызықтайды екен.

Темір жабысқыш Темірханның денесін тек қасық қана емес, ұялы телефондар да “жақсы көреді”. Зейнеткердің туыстары алғашында бұл құбылысты қызық көргенімен кейін алаңдай бастапты. Ал өзі кенеттен пайда болған бұл қасиетін дертке санамайды.Дәрігерге қаралатын да ойы жоқ.

"Өзіме зияны тимесе, дәрігерге барып қайтемін? Денім сау, еш жерім ауырмайды",- дейді ол.

Бұл феномен адамдар арасында арагідік болса да кездесіп қалады. Бірақ әлі күнге дейін ғылым бұған ақылға қонымды түсініктеме бере алмай отыр. Ауызекі тілде Темірхан Әділханов секілді азаматтарды “магнит адам” деп атаймыз. Ал олардың кәдімгі магниттен айырмасы көп. Өйткені, “магнит адамдардың” денесіне тек темір емес, өзге де металл түрлері жабысады. Ал кәдімгі магниттерге құрамында темірі бар заттар ғана жабысады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/997110-aqtobe-oblysynynh-turghyny-oylamaghan-zh.html