RU

Шымкентте арзан пәтерге таласқан жұрт полицейлермен жаға жыртыса жаздады

Шымкентте мемлекеттік бағдарламамен үй алу үшін кезекке тұрғандар полицейлермен жаға жыртыса жаздады. Үлестіргелі жатқан 492 пәтерден дәмелі жұрт 4 күннен бері таңғы сағат алтыдан келсе де кіре алмай жатырмыз деп ашынады деп хабарлайды КТК арнасы.

Есесіне, кезекті қадағалауы тиіс тәртіп сақшылары таныстарын ғана өткізіп жатыр екен. Ал, әкімдік өкілдері қараша қанша шулағанымен пайда жоқ деп отыр. Себебі, жұрт жаппай құжат тапсырғанмен үй саны шектеулі.

Шымкенттік тұрғынүй коммуналдық шаруашылығы мекемесінің алдында 4 күннен бері осы жағдай. Полицейлер мен әкімдік өкілдері мекемеге кіруге ұмтылған халықты баса алмай әуре. Ал, дүйсенбіден бері таңғы 6-дан кешкі 8-ге дейін ипотекаға болсын үй аламыз деп жиналғандардың шенеуніктерге өкпесі қара қазандай. Айтуларынша, шенділердің өздері таныстарын кезексіз кіргізіп жатыр екен.

"Азанда келесің, кезекке жазыласың. Ешкім кіре алмайды, ешкім сөйлесе алмайды. Танысы бар, ақшасы барлар кіріп сөйлесіп жатыр. Мына жердегі полицейлер өздерінің таныстарын кіргізіп жатыр. Өз көзімізбен көрдік", - дейді Эльвира Бекқұлова, Шымкент қаласының тұрғыны.

Кіру мұң болған мекемеден шығып жатқандардың да жағдайы мәз емес. Кейбірі тіпті есінен танып жатыр.

Бас-аяғы 492 пәтерді алуға 4 күн ішінде 2 жарым мыңнан астам адам құжат тапсырыпты. Тек соның 246-сын жас отбасылар алса қалғанын жетімдер, мүгедек асырап отырған отбасылар мен бюджеттік мекеме қызметкерлеріне ғана бұйырмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/997523-shymkentte-arzan-paterge-talasqan-zhur.html