RU

Отандық журналист егде жасқа келіп о дүниелік болғандардың қазасын "той" деп атайтындарға шүйлікті

Отандық журналист ет жақынынан айырылып қамыққан адамға көңіл айту сауапты іс екенін, алайда сол көңіл айту кезінде жиі естілетін әрі ауыр, әрі ерсі бір жұбату барын сөз етті деп жазады namys.kz.

"Әйтеуір, жас, жасамыс адам қайтыс болса айтыла қоймайды. Ал қария кісі дүниеден озса көбінесе "Бұл кісінікі той ғой" деп сол өлімге тамсанғандай кейіппен жайбарақат айта салып, артынша жан-жағынан қолдау күтеді. Ондайда міндетті түрде екі-үш адам "Иә, той ғой, арманы жоқ қой бұл кісінің. Балаларының алдында кетті" деп жамырасып қалады", - дейді журналист.

Автор осындай "жұбатудан" жаны жүдей түскен адамдның жағдайын есіне алды.

"Сонау жылы анасы бақилық болғанда анау-мынауға төзімі темірдей ағамыздың осы сөзді ести-ести сабыры таусылып кетіп, "бұл той емес, ағайын, бұл қаза! Мен аяулы анамнан айырылдым. Өмірімдегі ең қымбатты, ең сүйікті анамды жоқтап, жаным жүдеп, құлазып қалдым. Аллаһ анама жәннатты нәсіп еткей! "Біреудің кісісі өлсе қаралы ол" дейді Абай атам. Біз әулетімізбен қаралы болып отырмыз. Мұның қай жері той? Той деп айта көрмеңіздерші ағайын!" деп шамырқана айтып салғаны бар. Әрине, сол жерде жаттап қалып, сөзбе-сөз келтіргеніміз жоқ, бірақ, мағынасы осы мәндес болған. Сонда да “Той ғой” деген “көңіл айтудан” тыйыла қалған жұртты көргеніміз жоқ", - деп жалғастырды журналист.

Автордың пікірінше, "той ғой" деп жұбату қайғылы адамның жүрегін жаралап, жүйкесіне ши жүгіртумен тең.

"Ау, біреу туған әкесінен, біреу туған анасынан айырылып жатқанда осылай деп көңіл айту кімді жұбатыпты? Қазаны "той" деу, жұбатпақ былай тұрсын, қайғылы адамның жүрегін жаралап, жүйкесіне ши жүгірту ғой. Осы бір ерсі “көңіл айту” біздің жазғанымыздан соң да тоқтала қалмасы анық, алайда мыңнан бір бауырымыздың ойында жүрер деген ниетпен жарияға ұсындық", - деп ойын түйді журналист.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/997873-qazany-toy-dep-zhubatu-qayghyly-adamnynh.html