RU

2015-ші қой жылы Қазақстанда несімен есте қалды?

Әуре-сарсаңға толы 2015 жыл да аяқталып, жаңа 2016 жыл жақындап келеді. Көшелерге әшекейлер ілініп, президент жаңа жылдық шыршаның шамын жақты. Қой жылын өткеріп, мешін жылына аяқ бастық. Дәстүр бойынша өтіп бара жатқан жылы Қазақстанда болған басты оқиғалар жайлы қорытынды жасау әдетке айналды деп жазады abai.kz. 

Қой жылында қойдан жуас халық қорасында қоқым тастар тұяқ қалмайтын да дағдарыстарды өткерді. Осы және өзге де есте қалар ірі оқиғаларды еске түсіріп көрейік.

Қазақстанның сыртқы қарызы 7 триллионнан асып жығылды

2015 жылдың желтоқсан айының көрсеткіші бойынша Қазақстанның мемлекеттік қарызы 7,68 триллион теңгеден асып жығылды. Бұл соманы 17 миллионан асар-аспайтын халыққа бөліп есептеу үшін кәдімгі калькулятордың да күші жетпейді. Мысалы, салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2005 жылдың 1-қаңтарында бұл көрсеткіш 1,33 триллион теңге болған.

Кезектен тыс президент сайлауын өткіздік

26 сәуір күні Қазақстанда кезекті рет кезектен тыс президент сайлауын өткіздік. Бұл сайлауда мемлекет тізгінін 25 жыл бойы ұстап келген қазіргі президентіміз – Нұрсұлтан Назарбаев айқын басымдықпен жеңіске жетті. Айқын дейтініміз, соңғы сайлауда президентке дауыс берушілердің пайыздық көрсеткіші – 97,7-ні құрады.

Дариға Назарбаеваның жаңа қызметі

11 қыркүйек күні Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Бұған дейін Дариға Назарбаева бесінші шақырылымдағы парламент мәжілісінің вице-спикері болған. Дариға Назарбаеваның жаңа тағайындауына қатысты әлеуметтік орта мен саяси сарапшылар тарапынан түрлі болжамдар айтылды.

Төл теңгемізді еркін айналымға жібердік

20 тамыз күні Қазақстанның Ұлттық банкі жаңа валюталық саясатты жүзеге асыратынын мәлімдеп, теңгені еркін айналымға жіберді. Ал осы шешімнен кейін Қазақстанның  ұлттық валютасы 87 пайызға құлдырап, Еуропа мен ТМД елдері арасында ең құнсыз валютаға айналды.

Осылайша, бас банкир болған Келімбетов ел назарына көп шықпайтынды шығарды. Орнына Ақышев келді. Бірақ, теңгені тұрақтандыруға Ақышевтің де шамасы жетпеді. Керісінше, жағдай ушыққан үстіне ушығып кетті. Осылайша, 1 жылдың ішінде екі мәрте девальвацияны өткердік.

Айналымға 20 мың теңгелік купюра енгізілді

Ұлттық экономикамыз 100 пайыздық девальвацияны өткеріп жатқан кезде, айналымға 20 мың теңгелік купюра енгізілді. Бұл да өз кезегінде инфляция өсімі мен теңгені таргеттеу жүйесіне бірден көшуге тура келгендігін көрсетеді. Демек, бас банкирдің басқа амалы қалмағаны.

Тіпті жаңа купюраға қатысты президенттің өзі отандық телеарналардың біріне сұхбат беріп, қалжыңдаған болатын. «Енді тойларға барғанда қиналмайтын болдық. Бірден сыйлыққа осыны апарасыңдар» деген президент.

Қазақстан Ядролық банкті іске қосты

Қоғамдық ортаның қарсылығана қарамастан, Қазақстан үкіметі Халықаралық атом энергетикалық агенттігімен (МАГАТЭ) еліміздің территориясында төмен байытылған банкін ашу туралы келісімдерге қол қойды. Сондай-ақ, Қазақстан үкіметі ядролық банк оның айналасында орналасқан елді-мекен тұрғындарының денсаулығына залалын тигізбейтінін айтып сендірді.

Алайда, сарапшылар бұл пікірмен келіспейді. Сонымен, енді Қазақстан топырағы МАГАТЭ-нің өте қауіпті уран қалдықтарын сақтайтын қоқыс алаңына айналады. Ал бұл қоймалық үшін ел бюджетіне не болғаны – 10 миллион доллар төлейді екен.

Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты

2-10 қыркүйек аралығында үшінші қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов халықаралық экипаждың мүшесі болып, Халықаралық ғарыш станциясында болып қайтты. Кейіннен, Қазғарыш агенттігі Айымбетовтің ғарышқа ұшуының құны ел бюджетіне 20 миллион доллар салмақ салғанын айтты. Дәл осындай соманы Байқоңырдағы Ресей үкіметі талап еткен. Айта кетейік, Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алып отырған Ресей үкіметі жыл сайын Байқоңыр үшін 40 миллион доллар төлейтін.

Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік

Президент арнайы тапсырма беріп, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Тараздағы тойды ұйымдастыру жұмыстары, мемлекет басшысының жанында бақыттан басы айналып жүрген Мәдениет пен спорттың министрі Арыстанбек Мұхамәдиұлына тапсырылған. Осы дөңгелек датаға орай «Қазақ елі» сериалын түсіру туралы шешім шығарылған.

Алайда Әбірайымовқа берген қаражат қайда кеткені түсініксіз, ақырында халықтан жылу жинауға кірісті. Нәтижесінде сарыла күткен сериалдың тек трейлерін ғана көрдік. Ал сериалдың өзін келер жылы көріп қалуымыз ықтимал.

МС-лер пайда болды (Сайлаубек, Кәрім, Ахметжан)

Көше шарлап, шарап ішіп жүрген Сайлаубек деген атыраулық азамат бір-ақ күнде интернетте жұздыз атанды. Өзін өнерпазбын деп есептейтін МС Сайлаубек түсініксіз тілде рэп оқыды. Енді ол тойлардан-тойларға шығып, киелі сахнаны кеңінен басып жүр.

Сонымен қатар, қазақстандық шенеуніктер де Сайлаубектен қалыспады. Олимпиаданы Алматыда өткізу үшін жанталасқан Алматы қаласының экс-әкімі Ахметжан Есімов те, Халықарылық комиссияның алдында күлкіге қалған еді. Ахаңның айтқан «ви нид зис гейм» деген сөзі әлеуметтік желіде хитке айналды.

Осылайша МС-лердің саны екеу болды. Кейінірек, үкімет тізгінін үздіксіз ұстап келген Кәрім Мәсімов те Қытайға жасаған ресми сапарында «қытайша» сөйлеймін деп, МС деген атаққа ие болды. Мемлекеттік тілге шорқақ Мәсімовтің қытайшасы да жетісіп тұрмапты.

Қазақ билігінің негізгі оппонеті – Әлиев өзіне өзі қол жұмсады

2015 жылы Қазақстан билігінің оппоненті, экс-елші Рахат Әлиев, Австрияның Вена қаласындағы түрмесінде асылып қалды. Австрияның Kurier басылымының мәліметінше, Әлиев камерада асылып қалған күйі табылды. Ал адвокат Әлиевтің суицидке барғанына күмән келтіреді.

Қой терісін жамылған қасқыр жылын жарты құрсақ, жарым ырыс болып өткердік. Келе жатқан жыл – мешін жылы. Бұл жыл да біздің халық үшін оңайға соқпайтын секілді. 1 қаңтардан бастап қымбатшылық басталады. Бір ғана мысал, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда ішкі қатынастардағы темір жол бағасы 7 пайызға қымбаттайды.

Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы АҚ вице-президенті Берік Қамалиев мәлімдеген.

Қазақстанда "мобильдік құлдық" жойылды

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Ақпараттандыру туралы" заңға қол қойып, "мобильді құлдықты" жойды.

"Мемлекет басшысы Қазақстанды одан әрі ақпараттандыруға, оны ұйымдастырудың халықаралық стандарттарға жауап беретін тиімді жүйесін заңнамалық енгізу арқылы ақпараттандыруға бағытталған «Ақпараттандыру туралы» Қазақстанның заңына қол қойды", - делінген хабарламада.

Заң Қазақстанды одан әрі ақпараттандыруға, оны ұйымдастырудың халықаралық стандарттарға жауап беретін тиімді жүйесін заңнамалық енгізу арқылы ақпараттандыруға бағытталған деп хабарлайды Қазақстан жаңалықтары.

АИ-92 маркалы жанар-жағармайдың бағасын мемлекеттік реттеуден бас тарту

Қазақстан үкіметі АИ-92 маркалы жанар-жағармайдың бағасын мемлекеттік реттеуден бас тарту туралы шешім қабылдады.

Бұл туралы 4 қыркүйекте өткен ОКҚ брифингінде хабарланды.

«Үкімет елдің жанар-жағармай нарығындағы тапшылықтың алдын алу мақсатында АИ-92 маркалы жағармайдың бағасын мемлекеттік реттеу саласынан шығару бойынша шешім қабылдады», — деп бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаевтың сөзін келтірді inform.kz.

Алматы қаласының жаңа әкімі

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тамыз айында Алматы қаласының жаңа әкімі етіп Бауыржан Байбекті тағайындайды.

41 жастағы Бауыржан Байбек 2013 жылдың қаңтарынан осы кезге дейін Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» саяси партиясы төрағасының бірінші орынбасары болып келген.

1994-1998 жылдары Германияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған Бауыржан Байбек 1999-2002 жылдары дипломаттық қызметтер атқарған. Ал 2002 жылдан бастап Қазақстан президентінің әкімшілігінде әртүрлі қызметтер атқарған.

Серік Ахметовтің сотталуы

Қарағандыда «жылдың ең шулы коррупциялық ісі» аталған Серік Ахметовтің соты жұрттың көбі күтпеген нәтижемен аяқталды. Серік Ахметов түрмеге қамалды әрі дүние-мүлкі тәркіленді.

Желтоқсан айында Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов 10 жылға, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев бес жылға сотталды. Талай айға созылған сот марафонында 21 сотталушының алтауынан өзгесі тағылған айыптарды мойындамады. Іске қатысты айыпталғандардың көбі түрмеге кесілді.

Серік Ахметовті 10 жыл соттап қана қойған жоқ, дүние-мүлкін тәркілеп, бес жылға мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырды әрі жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болды. Бұл көпшілік мұқият бақылаған санаулы сот процестерінің бірі болды.

Алматының Наурызбай ауданында сел жүрді

Шілде айында Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы Қарғалы және Қарағайлы ауылдары маңыда өзендер арнасынан асып, лай көшкініне толды. Алматы қаласының сол кездегі әкімі Ахметжан Есімов шаһарда төтенше жағдай жариялаған болатын.

Селдің салдарын жоюға бүкіл қазақстандықтар жұмыла атсалысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/997932-2015-shi-qoy-zhyly-nesimen-este-qaldy.html