RU

​Қазақстандықтар жаңажылдық корпоративтік кешті қандай стильде өткізгісі келеді?

Ұжымдар корпоративтік кешті ұмытылмастай етіп өткізу үшін белгілі бір тақырыпты таңдап, соған сай бағдарлама жасайды. Осы орайда BNews.kz биыл қандай стильдегі кештердің, қандай жүргізушілердің сұраныста екенін зерттеп көрді.

Астаналық 1show.kz ивент-компаниясының топ-менеджері Дмитрий Колодкин әр жылдың өз тақырыбы бар екенін айтады.

«Былтырғы жылы «Гэтсби» стилі сұранысқа ие болды. Десек те, осы «Гэтсби», «Чикаго» мен «Мафия» стильдері «өлмейтін» тақырыптар қатарында. Қызметкерлерінің саны 150-200 адамнан аспайтын кейбір компаниялар кино тақырыбында кештер өткізгенді қалайды. Яғни, бұнда әр бөлім өз фильмін түсіріп, сол бойынша марапаттау рәсімі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, музыкалық сыйлық тақырыбы сұранысқа ие. Бұнда қызметкерлер эстрада жұлдыздарымен өнер көрсетеді, бірақ классикалық жаңажылдық стиль өзгермейді. Биылғы жылы «Назад в будущее» фильмінің тақырыбы өзекті, өйткені кинотуындыда 2015 жыл көрсетілген. Әсіресе, бұл стиль ІТ-компаниялар арасында танымал, бәлкім олар бұл фильмді ұнататын шығар», - дейді Колодкин.

Топ-менеджердің айтуынша, қазіргі таңда әртістердің санын азайтып, «интерактивте» жұмыс істейтін адамдардың санын арттыру сәнге айналып барады. Бүгінгі күні жүргізушілер мен әртістер арасында қонақтарға жақсы көңіл-күй сыйлай білетін, келген адамдарды түрлі ойындарға қатыстыра алатын икемді азаматтар жоғары бағаланады.

«Сондықтан, мысалы қазір кәсіби әртістер мен бишілердің келген қонақтармен сайысқа түсуі сәнде. Осы орайда, белгілі бір тақырыптағы кештер жиі өткізілмейді. Кейбір компаниялар кеш бағдарламасына көп шығындалғысы келмейтіндіктен өз тақырыптарын ойластырып, нөмір дайындау үшін қоюшы-режиссерлерді жалдайды», - деп толықтырды Дмитрий Колодкин.

Топ-менеджер сондай-ақ, елордадағы жүргізушілерге тоқтала кетті. Оның айтуынша, Астанада жүргізушілер арасында Нұрлан Әлімжанов сұранысқа ие. Сондай-ақ, қазіргі тапсырыстарға сәйкес, Азат Әбікен, Азамат және Антон, Бақтияр Әбілқайыр, Арман Момынов, Ярослав Мелехин, «Спарта» КВН командасы танымал. Ал корпоративтік кештер бойынша құрамында 12 шоумені бар «Джентльмендер лигасы» жобасына сұраныс көп. «Жүргізушілердің бағасына келсек, олар әртүрлі. Мысалы Азамат және Антон бір кешті жүргізіп бергені үшін 600 мың теңге алады», - дейді Д.Колодкин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/998280-qazaqstandyqtar-zhanhazhyldyq-korpor.html