RU

Толассыз жауған жаңбырдан Семей қаласы Венецияға айналды

Семейді су басып Венецияға айналды. Көшелердегі тізеден келетін судан адамды қойып, көлік қозғалысы да қиындаған. Ал, кешқұрым үскірік аяздан жерге мұз қатып, тұрғындардың әуреге салды, деп хабарлайды 31 арна.

Еріген қар суы мен жауған жаңбырдан соң Семей көшелерінде еркін жүруге мүмкіндік жоқ . Қаланың коммуналдық қызметтердің көшені тазартып, тұз-құм себуге техникасы жетпей, халық зардабын тартуда.

Діттеген жеріне жете алмаған жұрт барлық қиындықты тиісті тұлғалардың жауапсыздығынан көреді. Халық қарлы суықтың жеткенін біле тұра, дайындықсыз отыру әкімшіліктің қалыпты әдеті екеніне ренжулі.

"Көшеде көрінбейді жұмыс істеп жатқандары, басқа қалаларға қарасаң тұз, құм себеді. Және мені жедел жәрдеммен әкелді, көшеде тәртіп сақшыларының жұмыс істегені көрінбейді. Бұрылыс, бағдаршамның маңайы көктайғақ. Жұмыс істеу керек, әйтпесе, қанша кісі жарақаттанып жатыр", - дейді Семей қаласының тұрғыны  Балтабай Сыздықов.

Мамандардың сөздеріне сенсек, қала көшелерін мұз бен судан тазартуға мекеменің 36 техникасы жұмылдырылып, басты көшеге 500-ден аса текше метр құм мен тұз себіліпті.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, көктайғақ тек жаяу жүргіншілердің ғана емес, сондай-ақ көлік тізгінінде отырған адамдарға да қауіп төндіруде. Кешелі бері 20-ға жуық жол көлік оқиғалары тіркеліп, 120 адам жарақат бөліміне түскен.

Желтоқсан бойы қардың орнына жаңбыр жауып, ызғардың орнына жылы күннің келуі Семей тұрғындарын біраз әбігерге түсіруде. Ал синоптиктер алдағы бес күн бойы ауа - райының осы қалыпта сақталатынын айтуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/998463-tolassyz-zhaughan-zhanhbyrdan-semey-qala.html