RU

«Қазақстан-Ақтөбе» арнасын өзінің "кланына" айналдырған директордың ісін Сапарбаев майшаммен қарамақ

«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы Раукен Отыншинның "кланына" айналғанын айтып, қызметкерлер арыз жазған. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті телеарна директорына қатысты арызға арнайы комиссия құрып, тексеріс жүргізетінін мәлімдеді.

Бұл туралы өңірден NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Ақтөбедегі жергілікті телеарна басшысы қызметкерлерін адам құрлы көрмейді. Ол телекомпанияны жекеменшігіндей иеленіп, шығармашылық ұжымға аузына келгенін айтады. «Тупица, бедолага» деген сөз тіркестерін қолдануда Отыншинның шебер басшы екенін айтқан шағым shyn.kz ақпараттық порталына жарияланды.

Телеканалды Отыншин басқарған 8 жылда жүздеген журналист өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүр болған делінген арызда. Олардың дені қазір республикалық БАҚ-та өздерін үздік көрсетіп жүрген тілшілер. Сайтта бір тәуліктей тұрған анонимді түрде жазылған хатта телеарнада іліп аларлық еш бағдарламаның жоқтығы айтылған. Жылдар бойы өзгермей келе жатқан бір сарындағы арзан бағдарламаларда еш жаңашылдық жоқ.

«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы ақтөбеліктер үшін «Байғанин ТВ» деп аталады. Телеканал Отыншинның шағын бизнесі делінген шағым бір күннің ішінде бір қоңыраумен сайттан алынды. Бірақ, арызда келтірілген деректерде негіз жоқ емес. Себебі, Раукен Отыншин қарапайым журналистің сәлемін алмайтын басшы. Оның жүре сөйлеп тапсырма беріп, тіпті бұрылып қарамайтынын да жергілікті журналистер жиі айтады.

Раукен Сағызбайұлының өзі Байғанин ауданынан. Телеарнадан жіберілетін ақпараттар пен бағдарламаларда аптасына екі-үш рет Байғанин ауданы туралы көрсетіледі. Компанияда Байғанин ауданынан жалғыз Отыншин емес. Сонымен қатар, ол компаниядан қызметкерлердің жылап жүріп, соңында өз еріктерімен жұмыстан шыққаны рас. «Әділ сөз» ұйымының Ақтөбедегі өкілі Асқар Ақтілеуовке кеңес сұрап бірнеше журналист келген. Ақпараттық порталға Отыншинның үстінен жазған шағымды әлеуметтік желіде көпшілікпен бөліскен Ақтілеуовке телеарна басшылықтарының бірі қысым көрсеткен.

«Облыстық телеарна жетекшілігі маған бұл іске араласпа, ол үшін сені отырғызып тастауы да мүмкін деді. Олар шулы мақаланы жазған мен деп ойлап жүрген секілді. Жеке басына қатысты керек емес көп ақпарат бергенсің. Ол саған қандай жамандық жасады деген хабарлама келді», - дейді «Әділ сөз» ұйымының Ақтөбедегі өкілі Асқар Ақтілеуов.

Арызда көрсетілген тағы бір дерек –бір сарындағы арзан бағдарламалар. Отыншин мырзаның өзі де телеарнамда ондай бағдарлама жоқ деп дауласа алмас. Себебі облыс әкімі Сапарбаевтың өзі жергілікті телеарна таратқан бағдарламаларға көңілі толмайтынын ашып айтқан еді.

«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасынан бір рет Шалқар ауданының мұражайы туралы түсірген бағдарламаны көрдім. 5 минут бойына бір мұражайды көрсетті. Егер бір мұражайды 5 минутқа созып айтатын болсақ, басқаға уақыт болмайды. Эфирдің уақытын көрерменді жалықтырмайтындай етіп, ұтымды пайдалану керек. Сұхбатты тек директордан ала берген. Бағдарламада басқа адам жоқ. Мұражайда басқа адам жұмыс жасамай ма, әлде ауылда адам жоқ па?», - деді облыс әкімі «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы туралы.

Сапарбаевтың назарына деп Отыншинның үстінен жазылған арыз сайтта көп тұрған жоқ. Бірақ, Бердібек Машбекұлының қырағылығы шағымды қалт жіберген жоқ. Шағымды оқып, танысып үлгерген. Енді жарты ғасырлық тарихы бар телеарна тағдырын да Сапарбаевтың өзі шешетін болды.

«Мен сайтқа шыққан арызды көрдім, таныспын. Қараусыз қалмайды. Қазіргі күні осы жағдайға байланысты тапсырма бердім. Арнайы комиссия құрылып, жазылған мәселелерді зерттейтін боламыз. Мен өзім бақылауға алам. Егер кемшіліктер болатын болса қараймыз. Мен осыған дейін айтып жүрмін. Кейбіреулер өзінің әкесі салып берген мекемесі секілді жұмыс жасайтындар бар, олай болмайды. Әсіресе, ағайын туысқандарын жанына жинап қоятындар болады. Ол дұрыс емес. Оның бәрін қалпына келтіруіміз керек. Егер басшы солай жасайтын болса, қалғандары не істемейді», - деді Бердібек Сапарбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/998708-aqtobelik-arnany-ozininh-shaghyn-biznes.html