RU

2015 жылы елімізде жыл ішінде жасалған игі істер

2015 жыл ауыр болды деп айтатындар көбейген: дағдарыс, мұнай бағасының түсуі, тағысын тағылар. Дегенмен бұл жылдың да өз жақсылықтары болды. NUR.KZ порталы оқырмандарына жылдың игі істерге толы болғанын дәлелдейтін 12 жайтты тізбектеді.

Біз біріге отырып, өмірді жақсырақ ете аламыз.

NUR.KZ оқырмандары көмекке зәру атыраулық отбасына үй әперді

Қазан айында NUR.KZ интернет-порталы Атырау облысындағы Жақыповтар отбасының қиын жағдайы туралы тұңғыш рет фотоматериал жариялаған еді.

NUR.KZ-тің оқырмандары жантүршігерлік жағдайда өмір сүрген отбасын аяққа тұрғызды. Бұл туралы жалғыз басты ана Манар Қабылдықызының туған сіңлісі Айнагүл Ізімова редакциямызға өзі қоңырау шалып хабарлап, фото жіберді.

Айналдырған екі күн ішінде отбасы жаңа үйге ие болған.

NUR.KZ оқырмандары екі күн ішінде қызылордалық Диана Смағұлованың еміне ақша жинап берді

Қызылордалық Диана Смағұлова қайғылы жағдайдан кейін мүгедектер арбасына таңылған болатын. Кішкентай қызымен жылусыз үйді паналаған келіншекке емі мен дәрі-дәрмек үшін 3 миллион теңгеден астам қаражат қажет болған. Жағдайына бей-жай қарамаған NUR.KZ оқырмандары әйелге 4 тонна көмір, азық-түлік, жылы киім мен ойыншықтар әкелген.

Ақтөбеде 8 баласымен жесір қалған әйелге NUR.KZ оқырмандары 600 мың теңге жинап берді

NUR.KZ порталы  8 баласымен жесір қалған Айгүл Бермұхамбетованың қиын тағдыры туралы жазған болатын.

Көп балалы ана жағдайын айтып, көптен көмек сұрады. Әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүрген келіншек шенеуніктердің мазағына айналғанын да жасырған емес.

Келіншектің сайтта жарияланған телефонына хабарласып басу айтқан, есепшот нөміріне қаржы салғандар аз болған жоқ. Көп балалы ананың жеке есепшотына 600 мың теңгедей қаржы жиналды.

Үйге азық-түлік пен киім-кешегін алып, 100-ге жуық адам келген. Айгүл қуаныштан көз жасын тоқтата алар емес.

«Шүкір мейірімді адамдар бар екен. Қолындағы барын алып, қаншама адам келді. Сіздерге үлкен рахмет. Алла разы болсын», - дейді Айгүл Бермұхамбетова.

13 жасар Орал тұрғыны суға кеткен екі қыз баланы құтқарып, "Жыл патриоты" атанды

Никита Тюкин 24 мамыр күні Шаған өзенінде шомылып жүрген кезде суға кетіп бара жатқан қос қыз баланы құтқарып қалған еді. Олардың біріне алғашқы көмек көрсетіп, аман алып қалған жеткіншек марапаттарға ие болды.

Никитаның батылдығы лайықты бағаланып, биыл Астанада өткен "Мәңгілік ел - болашағы біртұтас ел» атты республикалық патриоттар форумында Никита «Ерлігі үшін» аталымын иеленген болатын.

12 жасар «қонжық» Диас Әубәкіров Алматыдағы селден зардап шеккендерге көмектесіп, қаһарманға айналды

“Қонжық” лақап атымен Қазнетте танымал болып үлгерген Диас есімді 12 жасар жеткіншек Алматыда болған селден зардап шеккендерге көмек көрсетіп, ел сүйіспеншілігіне бөленді.

Тимур Нүсімбеков Фейсбуктегі өз парақшасында еріктілермен бірге селден кейін белсенді жұмыс істеп жүрген Қарғалы тұрғыны Диас Әубәкіров жайлы жазып, қайырымды жеткіншек елде танымал бола бастайды.

“Диас – 12 жасар Қарғалы тұрғыны. Жас батыр. Тау қонжығы. Қонжыққа сырт келбетімен ұқсап қана қоймай, оның энергиясы мен қуаты қонжықтың екпінімен пара-пар. Сел жүріп өткен күннен бастап ол құтқарушылар, әскерилер, еріктілермен бірге тыным таппай еңбек етуде, тіпті олардан да асып түсуде”, – дейді жазба авторы.

“Өзім барып, көмектескім келді. Ата-анам “жарайсың” деп бұл ісімді қолдады. Мен бұл жерде таңертеңнен кешке дейін су, тамақ және өзге де қажетті заттарды тасып, көмектесемін”, — дейді Диас.

Жантүршігерлік апаттан тірі қалған бойжеткеннің өмірін сақтап қалуға қазақстандықтар көмек көрсетті

Мария  Жұмағалиева жантүршігерлік апаттан кейін өлім аузында жатты. Оның маңдай сүйегі сынып, дәрігерлер оны толықтай алып тастауға мәжбүр болған. Көзінің үсті мен мұрнының жоғарғы тұсы қатты зақымдалған бойжеткенге жедел түрде ота жасату қажет болды.

Тек Мәскеуде ғана жасалатын отаға көп қаражат керек болғасын, Марияның ата-анасы көпшіліктен көмек сұрады. Қазақстандықтар еміне тез арада қаражат жинап, арудың өмірін сақтауға септік болды.

Алматыда жоғалып кеткен студент Айзада Авлатарованың табылуы

Айзада Авлатарованың жоғалғанын естіген халық оны жұмыла іздеді. Бір апта бойы іздеуін доғармаған тұрғындар, ақыры бойжеткенді құтқарып қалды.

Қазақстанның Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 5571 әскери бөлімінің сарбаздары жоғалып кеткен 20 жастағы Айзада Авлатарованы тапқандарын айтты.

Бойжеткен такси ұстаймын деп қылмыскердің құрбанына айналған, абырой болғанда студент аман-есен үйіне оралды.

NUR.KZ оқырмандары сырқаттанған ағайынды Смирновтарға қаражат жинап берді

NUR.KZ порталына екі баланың анасы хабарласып, ауыр диганоз қойылған кішкентайларына көмектесуін сұрады.

Вера Смирнова ұлдары Виктор мен Богданның Мәскеуде қосымша ем алу үшін жолға ақша жетпей жатқанын айтады.

Емге қаражатты «Милосердие» қайырымдылық қоры жинап берген. Алайда олар жолдың шығынын көтере алмайтынын жеткізген. Ақша таппай қысылған келіншекке қазақстандықтар үш аптаның ішінде 400 мың теңгеге жуық ақша жинап берді.

Көкшетаулық зейнеткер өзін құтқарғандарды БАҚ арқылы іздеп тапты 

88 жастағы Ирина Нифантьева Көкшетау аялдамасында құлап, мұрнын сындырған. Екі жас тұрғын оны көлігіне мінгізіп, травматология бөліміне жеткізген.

Кейуана қауіпсіз жағдайда екеніне көзін жеткізген жастар емханадан кетіп қалған. Әже оларға, тіпті рақметін айтып үлгермеген. Қаһармандар әлеуметтік желі арқылы табылған.

Оңтүстік Қазақстандағы жас жұбайлар тойдың орнына балалар үйіндегі балақайларды тойдырған

Күйеу жігіт Мейірман Сауранбек пен қалыңдық Сәния бұл күні өзгелерге қуаныш сыйлауды жөн көріпті. Яғни жас жұбайлар өзгелер секілді қымбат көлік жалдап, той кортежімен көшені аралаудан гөрі балалар үйіне барып, ата-ана қамқорлығынсыз қалған тәрбиеленушілерге дастархан жаюды жөн санаған.

Тіпті күйеу жігіт бүлдіршіндерге жеңгелерін көрсетіп, сәлем салдырған.

Ақтауда 9 ай бойы құлдықта болған мүгедектің ісі қайта қаралды  

Бір аяғы жоқ мүгедек ер кісіні қылмыскерлер Алматы автовокзалында ұрлап, Шымкентте, кейін Ақтауда құлдыққа салған. Психотроптық затпен есеңгіретіп, қайыр сұрауға мәжбүрлеген қылмыскерлерден ер кісі 9 ай өткенде әзер қашып құтылған.

Полиция бастапқыда қылмыстық істі қозғап, кейін оны жауып тастаған.

БАҚ-тың араласуынан кейін ғана ұрлаушыларға қарсы тергеу амалдары қайта жүргізілді. Қылмыскерлер табылған бойда, БАҚ-қа хабар берілетін болады.

ҚазҰУ-дағы қаржылық алаяқтық салдарынан 500-ге жуық студентті оқудан шығрамақ болған 

Әділдік іздеп, шырылдап жүрген студенттердің әрқайқысы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне миллиондап ақша қарыз. Бірінің 4 жыл бойы төлеген оқу ақысы жоғалып кетсе, енді бірінің карточкасына есепшілер алдап ақша құйып, артынша өздері сол қаражатты шешкендері үшін жауапқа тартылған.

«Менің жеке басымның қарызы деп 2 миллон 100 мың теңге деп шығарды. Бірнеше студент бар, соның бірі менмін. Яғни, біздің оқу төлейтін шотымызға жұмыскерлердің ақшасы деп ақша жіберген. Мен әкеліп бергенмін. Қазіргі есеп бойынша 1 миллион 400 мың теңге екен. Бес рет жіберді, бес рет әкеп бердім, үш есепші санап тұрып алған», – деді студент Әсел Қыдырбай.

БАҚ-тың араласуынан кейін студенттер өз дипломдарын ала алған. Қазір іс сотта қаралуда.

Алаяқ донор сырқат бүлдіршіннің ата-анасын 500 мың теңгеге алдап кеткен

Ақшасыз әрі донорсыз қалған ата-ана балаларының күн санап жағдайы қиындағанын айтады. Қос бірдей бүйрегі жұмыс істеуден қалған бір жарым жасар сәбидің емінің ақшасына қол салған күдіктінің аты Серік Бекмұратов.

Жас ананың сөзінше, қызы Інжу Мұртабаеваның бүйрегінің жұмысы істемей, қатты науқастанып жатқанына 1 жылдың жүзі болған. Дәрігерлер бүлдіршіннің қос бүйрегін және бауырын ауыстыру керек деген диагноз қойған. Осыдан соң Әсем Қабақова жатпай тұрмай баласына донор іздейді.

Алайада табылған донор қаржатты қалтасына басып, ізін жасырған. Тек БАҚ-та ісі жария болып, ел дүрліккеннен кейін қаражат иелеріне қайтқан.

25 жастағы қазақстандық алғашқы тапқан $2 млн-ын қайырымдылыққа аударып, ел мақтанышына айналды

Жас ғалым Асхат Мырзабаев әлемдегі ең ірі банк топтарының бірі саналатын Barclays компаниясында (Ұлыбритания) жарты жыл жұмыс істеп, тапқан $2 млн доллар табысын қатерлі ісікті зерттеу жұмыстарына жұмсады.

“Миллион долларды еңбектеніп тапқан адам ол ақшаны екінші рет те таба алады. Бірақ бұл біздің өміріміздің мәні, мақсаты емес қой. Біздің мақсатымыз ауқымды болу керек”, – деп өз қадамын түсіндірді Асхат Мырзабаев.

Қазіргі таңда ол жас өнертапқыш ғалымдарды әлемнің ең үздік компанияларына жұмысқа орналастырудың қамымен жүр. Асхаттың мақсаты – талантты жастардың басын Қазақстанда қосып, оларға еңбек нарығында ыңғайлы алаң ұсыну.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/999251-elimizde-zhyl-ishinde-zhasalghan-igi-iste.html