RU

Отандық БАҚ "еңбегі сіңбеген" қайраткерлерге шүйлікті

Жыл сайынғы дәстүр бойынша елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік күнінде 200-ден астам танымал тұлғаларға мемлекеттік марапатты табыс етті.

Журналист Қажымұқан Ғабдолла биыл бірқатар өнер өкілдерінің «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына қол жеткізгенін айта келіп, олардың арасында марапатқа лайықсыздары да болғанын жасырмайды, деп жазады Қамшы порталы.

Журналист «Нұр-Мұқасан» тобының әншісі Мұқасан Шахзадаевқа бұйырған атақтың, оның өмірдегі һәм өнердегі «егізі» Нұрлан Қонысбаевқа қолжетімсіз болып қалғанына қайран қалады.

"Менің жерлес інім Тұрсынбек Қабатовт өз театрын құрған 5 жылда «еңбек сіңіріп» үлгерген болса, 20 жылдан бері қазақ сахнасының отымен кіріп, күлімен шыққан «Шаншардағы» Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшораев­тың әлі күнге дейін «еңбек сіңіре» алмағаны қалай?!", - дейді отандық БАҚ өкілі.

Сондай-ақ, журналист қазақ әні мен әлемдік музыканың бояуларын асқан шеберлікпен үйлестіріп, Роза Рымбаевамен қосылып ән шырқаған талантты композитор, әнші, аты әлемге танымал қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың туған немересі Бақытжан Қажымұқановтың ерен еңбегін еске алады.

"Бақытжан Қажымұқановтың еңбегінен Turkvisyon халықаралық байқауында жалғыз ән шырқап, бас бәйге алған жас әнші Жанар Дұғалованың еңбегі артық немесе басым болып па?", - дейді Ғабдолла Қажымұқан.

Оның пікірінше, егер Turkvisyon-2015 байқауына Бақытжан Қажымұқановтың табаны тисе, өзінен басқа ешкімге жүлде де тимей қалар еді.

Журналистің пайымынша, қазақтың эстрада өнерінің деңгейі түркі дүниесіндегі бір дүркін жеңіспен өлшенбеуге тиіс. Бүгінгідей түйсікпен алалап-қаралай берсе, қаптаған қайраты жоқ «қайраткерлерден» көшеде аяқ алып жүре алмайтын боламыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/999276-otandyq-baq-okili-layyqsyz-memleket-q.html