Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда 2015 жылы болған ең атышулы оқиғалар

Опубликовано:

2015 жыл атышулы оқиғаларға толы болды. Олардың дені әлеуметтік желідегі жазбадан кейін туындаған.

Жылдың ең  шулы оқиғаларын Ztb.kz-ке сілтеме жасап, назарларыңызға ұсынамыз.

Әлеуметтік желілерде ұлтаралық араздық тудыру 

2015 жыл бірден жағымсыз жағдайдан басталды. Алматы тұрғыны Татьяна Шевцова-Валованы ұлтаралық араздық тудырғаны үшін тұрғындар сотқа берді. Келіншекті айыптауға Facebook-тегі пайдаланушылардың шағымдары себеп болған.

Олар Татьянаның жеке парақшасындағы сөздер ар-намысына тіл тигізеді деп санаған. Татьяна жазбаны өзі салмағанын қанша дәлелдемек болса да, сот оны айыпты деп тауып, Қылмыстық кодекстің 164 бабы бойынша 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды.

"Әліби ісі"

"Әліби ісін" жылдың ең шулы оқиғасы деуге болады. Астаналық Нұрлан Жұмағұловтың 24 жастағы баласы Әліби соққыға жығылған соң әлеуметтік желіге көмек сұрап жариялаған жазбасы жұртты дүрліктіріп, наразы пікірлерге ұласты. Белсенділер істің «коррупциясыз» тексерілуін талап етеді.

Соққыға жығылған жігіттің әкесінің SOS-үндеуін желідегі әлеумет бірден қолдап, оның жазбасын 200 мыңнан аса адам қайта жариялаған.

Тамыздың 7 күні Астана қаласының қылмыстық істер бойынша арнайы ауданаралық соты “Әліби ісі” бойынша үкім шығарды.

Сот шешімі бойынша айыпталушы Қайрат Жамалиев мүлкі тәркілене отырып, 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді.

Сот Жұмағұловтың 200 миллион теңге көлеміндегі моральдық шығын ретінде өтемақы төлеу туралы талабын қараусыз қалдырды.

Кейінірек, Әліби Жұмағұловтың сот үкімін өзгертуге шағым бермейтіні белгілі болды.

Ардагердің фотосымен болған жанжал

Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев түскен сурет әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен.

Ғаламторда жарияланған фотода соғыс ардагерінің жаңбыр астында тұрып, ал қасындағы Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевқа көмекшісі қолшатыр ұстап тұруы көпшіліктің ашуын келтірген болатын.

Әкім орынбасары бұл фото Сәлімжан Нақпаевтың көмекшісі Әсет Үмбетов қолшатырды ардагерге енді апармақшы болған сәтте түсірілген деп ақталды.

«Бұл мен енді ардагерге қолшатыр ұсынуға жақындай бергенде түсірілген фото болатын. Кейін мен ардагердің қасына келіп, оған қолшатыр ұстап тұрдым. Не себепті аталған фотоның жоқ екенін білмедім. Жаңбыр мен жел үдей түскесін, екпінінен бүркеу ниетімен араларына тұрған болатынмын (ардагер мен Нақпаевтың — Dixinews ескертпесі). Қазір мен өзге фотоларды да беруін сұрап, Жылыой ауданына байланысқа шығуға тырысудамын», — деп түсіндірді әкім орынбасары.

Әсет Үмбетов өз сөздерінің дәлелі ретінде фотоларды да ұсынып үлгерді.

Бұл фото бұдан бұрындары жарияланған фотодан сәл кейінірек түсірілген.

 "ЭКСПО-2017": коррупциялық жанжал

Жемқорлыққа жол берді деген күдікке биыл ЭКСПО-ның бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев та ілікті. Аса ірі көлемде ақша жымқырды деген айыппен бірден 10 адам қамауға алынған болатын. ЭКСПО-ға бөлінген 4 миллиард 200 миллион теңгені қалтасына басты деп күдіктелген Талғат Ермегияев тек үйқамаққа алынды. Осымен үш рет кейінге шегерілген бұлтартпау шарасының мерзімі тағы да ұзартылды.

Тиісті он жылдың тек үш жылын ғана қатаң режиміндегі колонияда өтеп, шартты түрде босатылған Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасының басы биыл да дауға қалған еді. Тек бұл жолы Серік Баймағанбетов айыпталушы орындығынан арызданушыға айналды. Колония қызметкерлерінен «жәбір көрдім» деген экс-басшы түзету мекемесімен тағы соттасқан болатын.

Әзірге Талғат Ермегияев пен өзге күдіктілер айыптау қорытындысымен танысып жатқан көрінеді. Сондықтан соттың қашан басталатыны белгісіз.

"МУЗ-ТВ" жүлдесі

«Муз ТВ» жүлдесін ұйымдастырушылар шоу-бизнес жұлдыздарымен бірге қызыл кілемге шығасыңдар деп уәде берген балаларды көптеген дайындықтан соң «сахна сыртында» қалдырған. DARA қайырымдылық қорының негізін қалаушы Гүлнар Досаева бұған Білім министрлігінің шенеуніктерін кінәлады.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға қол ұшын беретін DARA қайырымдылық қорының негізін қалаушы Гүлнар Досаева сахнаға шығамыз деп сенген кішкентайлардың үміті ақталмаған соң әбден көңілдері қалғанын өз Facebook парақшасында мәлімдеген.

Досаеваның айтуынша, балалар іс-шараға толықтай дайын болып, шығу сәтін тағатсыз күтумен болған. Алайда шоуға шығуға бір сағат қалғанда олардың орнына өзге балалар шығатынын айтқан.

Министрлік бұл жайтқа қатысты түсініктеме бермеді.

Ресейлік жүргізуші Астананы «қаңыраған орын» деп атады

«МУЗ-ТВ 2015. Гравитация» кешінің ресейлік жүргізушісі Астананы «қаңыраған орын» деп атап, басы дауға қалды. Бұған көпшілік реніштерін білдіргеннен кейін жүргізуші бірден кешірім сұраған.

Шалимов парақшасына «Бұл «қаңыраған мекенде» рок ұйымдастырайық» деген сөз жазып, жүздеген қазақстандықтардың ашуын келтірген. Жүргізушінің бұл әрекетін, тіпті Баян Есентаеваның өзі сынға алған.

Артық кеткенін түсінген жүргізуші бірден Қазақстанды құрметтейтінін және ешкімді ренжіту ойында болмағанын айтып, кешірім сұрады.

Головкиннің әуежайдағы жанжалы

Атақты боксшы Астанаға отбасымен бірге ұшып келгенде әуежай қызметкері оны VIP-зал арқылы өткізуден бас тартыпты.

«Головкин ақшасын төлемейінше бұл залдан өте алмайды немесе ол шенеунік әлде шенеуніктің туысы болуы керек», - деді әуежай қызметкері.

Оның бұл жауабы әуежайдағы өзге жолаушылардың ашуын туғызып, әңгіме соңы айқай-шуға ұласқан көрінеді.

Мұнан кейін Геннадий Головкин тиісті ақшасын төлеп, VIP-зал арқылы қалаға шыққан.

Айта кету керек, Головкин былтырғы қарашадан бері Қазақстанда болмаған, ол туған-туыстарымен қауышу үшін елге оралды.

Ресейлік комментатордың қазақ футболшыларына шүйлігуі

Ресейдің танымал комментаторы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында елордалық футболшыларды мазақтап, намысқа тиетін сөздер жазған. Бұл ғаламторда үлкен дау тудырып, қызу талқыланды.

Онда Василий Уткин «қазақ футболшыларына сенбеу керек, өйткені оны кілең осырақтар басқарады» деп жазыпты.

Осыдан кейін миллиондаған жанкүйер ресейлік комментаторды жерден алып жерге салды. Бірі жекпе-жекке шақырса, екіншісі Уткиннің сандырағынан саяси астар іздеп отыр.

Кейін белгілі болғандай Василий Уткин «Астана» мен «Галатасарай» командаларының кездесуін жүргізуге ұсыныс жасаған екен. Бірақ елордалық команда бұған келіспепті.

Осыған ызаланса керек, спорт тілшісі мыңдаған шақырымда отырып бар ашуын ғаламтор арқылы білдірген. Ал елордалық клуб Василий Уткиннен кешірім талап еткен.

Кинотеатрдағы кассир қызды соққыға жығу

Қыркүйекте Қазнетті жаға ұстатарлық видео дүрліктіреді. Онда Астанадағы Kinopark 8 SaryArka кинотеатрына келген жігіт кассир-бойжеткенге стақанды лақтырып, кейін оны аяусыз тепкен. Кейін белгілі болғандай, Астана кинотеатрында бойжеткенді тепкен жігіт премьер-министр кеңсесіндегі бас инспектор Болат Тұракелдиевтің ұлы болып шықты.

Іс тараптардың келісімімен аяқталды.

Алматыны Ресейдің бір бөлігі деп атады

Ресейде түсірген «Голос большой страны» деп аталатын кино қазақ көрермендерін шошытты.

Кілең таланттар жайлы баяндалған туындыда ресейлік режиссерлер Алматыны өз отандарының бір бөлшегі деп атап, ал қазақтың қалған даласын өз территориясына кіргізіп жіберген.

Төрткүл елге тарап кеткен трейлер жұрттың жағасын ұстатса да, селк еткен билік жоқ. Тіпті, үлкен экранға шығып жатқан дүниелерден Мәдениет министрлігі хабарсыз.

Жаңа түсірілген киноның мақтауын келтірген ресейлік режиссерлер Армения астанасы – Ереванды да, өз алдына бөлек Белорусь астанасы – Минскіні де, тіпті Грузияның Тбилисиін де өз жері деп көрсеткен. Қиялдан карта құраған киногерлер Алматыны да өз қаламыз деп әндетіп тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/999404-qazaqstanda-2015-zhyly-bolghan-enh-atyshuly-o/

pixel