RU

Қалтаға салмақ түсірмей жаңа жылдық дастарханды қалай дайындау керек?

Жаңа жылға дейін санаулы күндер ғана қалды. Экономикалық дағдарысқа байланысты қаржылық қиындықтарға қарамай, мерекелік дастархан сынды дәстүрден ешкім де бас тартпас.

Әрине, дастархан мәзірін дайындау әркімнің жеке шаруасы. Біз қазақстандықтарға алдағы мерекелік төрт күнде асқазанды, бәлкім әмиянды да онша қинамай өткізуге болатын аздаған кеңес беруге талпынып көрейік.

Бүгіндері салауатты өмір сүру - сәнге айналды. Ол тек спортпен айналысуды емес, сонымен қатар дұрыс тамақтануды да қарастырады. Сондықтан алдағы мерекеде рахат алып, сонымен қатар артық салмақ қоспас үшін диетологтардың кеңесіне құлақ асқан да артық болмайды. Естімегендер үшін айтсақ, диетология – тамақтанудың қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған білім саласы.

Отандық диетология ақсақалы, Қазақ тағамтану академиясының академигі Төрегелді Шарманов жаңажылдық үстелдегі ең бастысы - шамаңа қарау, нәпсіні тежеу деп есептейді. Оның айтуынша, жаңа көкөністерден жасалған салаттар, өсімдік майы, әсіресе зәйтүн майы қатылған салаттар өте пайдалы екен.

Жаңажылдық үстелде ең артығы - жылқы еті мен балық: академиктің айтуынша осы екі тағам да оңай қорытылады, тамақ қорытатын жүйеге ауырлық түсірмейді, зат алмасуды бұзбайды. Жылқы етіндегі майлар жеңіл қорытылады, жартылай қаныққан, сондықтан жүрек-қан тамыр жүйесіне пайдалы. Қазақтарда жылқы еті ғасырлар бойына ең тиімді азық-түлік деп есептеледі.

Әрине, етті артық жемеуге тырысу керек, бірақ жылқы етінен жасалған тағамдар денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіре қоймайды. Оның үстіне көкөністермен бірге берілген жылқы еті адам ағзасына сыйлық, деп есептейді академик Шарманов. Мерекелік үстелде міндетті тұратын спирттік ішімдіктерге келсек, денсаулыққа зиян келтірместей етіп падалануға болатын мөлшері, тәулігіне 30-50 гр арақ болуы керек, ол бір бокал құрғақ шарапқа барабар болады.

Жанға да тәнге де пайдалы болсын

Шараптан дұрысы қызыл шарап: ол орталық жүйке жүйесіне оң әсерін тигізеді, одан жүрек-қан тамыры жүйесі де пайда көреді. Сондықтан екі бокал қызыл шарап пен соған барабар күшті спирттік ішімдіктен ештеңе болмайды, адамның өзін сау сезінуіне ешқандай әсер етпейді, деп сенеді академик. Дәл осы спирттік ішімдіктерге қатысты «Шаманы білу – құдайдан берілетін қасиет» деген нақыл сөз дәл айтылған. Себебі алкогольдік ішімдіктерді көп ішетіндерге диетологтардың беретін ешқандай кеңесі жоқ.

Егер арақты көп ішеді екенсіз – өзіңізді өзіңіз құтқарыңыз, дейді Төрегелді Шарманов. Шөліркесеңіз оны басу үшін газдалған сусындарға тап бермеңіз дейді диетолог, себебі ол денсаулыққа үш түрлі қауіп төндіреді: біріншіден, ол артық калория (қант), екіншіден, газдалған сусын ағзадан кальциді шайып кетеді, үшіншіден, тәбетті ашып жібереді. Газдалған сусынның орнына үйдің компоттары мен сусындарын ішкен дұрыс, дейді диетолог.

Егер мүмкіндік болса, ең дұрысы – қымыз ішкен: онда аздаған алкоголь бар, оның үстіне ол шөліңізді тамаша басады. Сондай-ақ оның құрамында белоктар мен майларымен жеңіл қорытылатын көмірсулары бар, дейді Т. Шарманов. Десерт ретінде академик майлы қаймақ емес тәтті табиғи йогурт қатылған жеміс салаттарын ұсынады.

Сондай-ақ тартылған мейіз, кептірілген өрік пен жаңғаққа бал қосып жұмырландырылған тәтті құрттар мерекелік үстелдің сәнін келтіріп әрі тәтті болады. Мерекелік күндері артық калория жинағандарға академик жұмысқа шығар алдында көкөністермен, жемістер және майсыз айран секілді ағарғандармен асқазанды жеңілдету керек деген кеңес береді. Сүзбе (тәулігіне 150-200 гр), айран немесе қантсыз табиғи йогурт (0,5 л) өте пайдалы. Осы жерде қымыз да өте орынды болар еді, дейді академик.

Диетология – сыйлы ғылым. Бірақ ол денсаулықты сақтау үшін нені, және қанша мөлшерде жеу керек деген сауалға ғана жауап береді. Ал олардың бәрі қанша тұрады деген сауалға басқа ғылым – экономика ғылымы жауап береді. Ал экономистер қазір жаһандық дағдарыс, оның ішінде тұтыну дағдарысы бар, қалтаңа қарап өмір сүру керек және мүмкін жердің бәрінде үнемдеу керек, оның ішінде күнделікті жейтін тағамдарыңда да дейді. Қысқасын айтқанда, белді бекем буу керек деген кеңес береді. Бірақ олардың кеңесі осымен тәмамдалады, ал нақты нені үнемдеу к ерек екенін олар айта алмайды – оны әркім өз шамасына қарап шешу керек дейді.

Ең дұрысы - базарға барып келу

Жаңажылдық дастархан мәзіріне кететін шығын отбасылық бюджетті шайқап та кетуі мүмкін: тіске басар да керек, сусындар да керек, ал торттар мен тамаша салаттарсыз мүлдем болмайды. Оның үстіне тамақ дұрыс болсын десеңіз, оған қаражат та жөндеп жаратылуы керек. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы: жылқы еті – еттердің ішіндегі ең арзаны емес, балық пен көкөніс бағалары да аспандап тұр. 1 кг қияр бағасы Т1 мың тұрса, қызанақ, баклажан мен тәтті бұрыш бағасы да шарықтап тұр.

Ал бағасы онша қымбат емес қырыққабат пен сәбіз және қызылша мерекелік үстелге онша келіңкіремейді. Сондықтан бұл саладағы біздің кеңесіміз ғалымдардан гөрі үйдегі апайлардан алынған кеңестер болар. Мерекелік дастарханды жасап үйренгендер бұзылмайтын азық-түліктерді ерте алған дұрыс дейді. Ал Жаңа жылға бар болғаны 4 күн қалғанын ескерсек, ол кеңес орынсыз болып қалар. Ашыған қырыққабат деген тамаша нәрсе ғой, үстелге де қоюға болады, ішімдіктен соң тіске басуға да дәмді.

Одан ары барайық. Екінші ереже: сіз не дайындамақшы екеніңізді нақты біліп, супермаркетке барып, сізге керектілерді ғана сатып алуыңыз керек. Сондай-ақ азық-түлікті таңдағанда телефоныңыздағы калькуляторды пайдаланып, қанша сатып алғаныңызды тексеріп отыруыңызға болады.

Сондай-ақ, үнемдеу үшін базарға баруға ерінбеңіз. Онда жаңа азық-түліктің түрлері көп және олар дүкендердегідей арзан болады. Мысалы, әр түрлі тұздалған нәрселерді базарлардағы апалардан сатып алған жөн. Ал спирттік ішімдіктер үшін көтерме-бөлшек сауда базарына барған дұрыс.

Әрине, әдеттегі салатқа да шығармашылықпен қарасақ, ешкім де кедергі келтірмес. Егер сізге қандай да тағам рецепті ұнаса, бірақ ондағы ингредиенттер сіздің қалтаңызға ауыр тиетін болса, оларды басқа арзандау түрлерімен алмастыруыңызға болады. Мысалы, лаймды – лимонмен, ананасты – алмұртпен және алмамен, зәйтүндерді – тұздалған қиярмен, ветчинаны – қайнатылған шұжықпен, қазды – тауықпен, арқан балықтың уылдырығын – нәлім тектес балық уылдырығымен, шоколадты – тәтті плиткамен, аққайнарды (шампан) – көпіршік сусынмен алмастыруларыңызға болады.

Жұлдыздар не дер екен?

Астрология ғылым ба деген сауал өте даулы мәселе. Бірақ, заманауи жұлдызшылардың кеңестеріне құлақ асатын адамдар да бар. Солар үшін арнайы алдағы қызыл отты мешін жылының бірінші күнінде дастарханда не тұруы керектігі туралы бірнеше кеңес бере кетейік.

Алдымен мешін бәрін жейтін жануар екенін айта кетейік: оның тағам мәзірінде тек жаңа көкөністер, жемістер, ағаш жапырақтары мен бұталар ғана емес, сонымен қатар олар рахаттана жұмыртқаны да, құрт-құмырсқаны, жәндіктерді, ұсақ жануарларды да жей береді. Мешін тапқанын жейді. Және, жұлды зшылар айтқандай, жаңа жылдың иесі сіз не ұнатсаңыз соны дайындауыңызға қарсы емес: ол таңдау еркін береді. Ең басты шарт (осы жерде жұлдызшылар диетологтармен бірдей) – табиғи азық-түлікке басымдық беру керек. Мешін тағамға қосылатын бояуларды, дәм, иіс бергіштерді ұната бермейді ғой, ал тағам тек дәмді ғана емес, пайдалы әрі нәрлі болуы тиісті ғой.

Мешінде бірінші орында өсімдік тағамдары тұрады. Мешін кез келген дақылдан жасалған ботқаны ұнатады дейді жұлдызшылар. Сондықтан сіз өзіңіз ұнатпасаңыз да дастарханға сұлы не қарақұмық ботқасын қойыңыз деген кеңес береді. Ал өзіңіз үшін, әрі жыл иесі – мешін үшін дастарханда жаңа көкөністер, баклажан, қияр, қызанақ, тәтті бұрыш пен аскөк қойсаңыз болады. Жұлдызшылар үйде дайындалған консервтерді де қолдап отыр.

Ал калориясы тым жоғары тағамдарға қатысты жұлдызшылар шектеу қойып отырған жоқ: дастарханға торайдан пісірілген кәуап, қуырылған қой саны, балапан қойсаңыз болады. Бірақ тамашасы – көкөніспен ет қойыңыз. Ал теңіз өнімдерін жаңажыл дастарханында мейлінше азайтқан дұрыс.

Астрологтар спирттік ішімдіктерден тартынбау керек деген кеңес береді. Мешін өзіне назарды көп қажет ететін бикеш, сондықтан бәрі шашылып-төгіліп, аққайнарлар төгіліп жатқанын, жартылай тәтті немесе құрғақ шараптарды, вискилер мен коньяктарды қалайды, ал сыра мен самогонды жақтырмайды.

Ал алкогольсыз сусындардан ол минералды сусындар, компоттар мен үйде дайындалған сусындарды қалайды. Айтпақшы, астрологтар мен диетологтардың қымызға қатысты пікірі бірдей болып шықты. Жұздызшылар қымызды мешін ұнатады, сондықтан дастарханда бие сүті де болса жақсы деген кеңес береді. Әрине, дастарханда алма, алмұрт, апельсин, банан болуы керек. Оларды бүтін де, салат түрінде де беруге болады. Мешін тәтті пісірілген нан өнімдерін де ұнатады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/999723-qaltagha-salmay-tusirmey-zhanha-zhyldyq-d.html