RU

Алматы облысында 23 жастағы әйел екі баласымен бірге жоғалып кетті

Алматы облысында 23 жастағы Айнұр Алмазбекқызы екі баласымен бірге хабарсыз кетті. Оның жары Сәкен Қонысбаев көмек сұрап, журналистерге жүгінді деп хабарлайды NUR.KZ порталы 31 арнаға сілтеме жасап.

Кішкентай Алина анасының фотосын көрген сайын, көзіне жас алады. Оның анасын көрмегеніне бір аптадан асты.

Балақайға жалғыз бас-көз болу әкесіне оңайға соқпауда. Сәкен осы уақытқа дейін алаңдаушылықпен өмір сүріп келе жатқанын айтуда. Өткен сәрсенбі күні оның әйелі 4 жасар және 4 айлық екі баласын алып, үйінен кетіп қалған. Ер кісі әйелі кетіп қалатындай еш себеп болмағанын алға тартты.

"Егер сені ренжіткен болсам, кешір, үйге қайтшы! Біздің балаларымыз туралы ойлашы! Реніш ештеңеге алып келмейді. Ата-анаң алаңдап отыр! Мен сені күтіп отырмын! Айнұр, табылып, маған хабарласшы!", - дейді Сәкен Қонысбаев.

Сәкен мен Айнұрдың отау құрғандарына бес жылдан асты. Үш баланы бағып отырған ерлі-зайыптылар жақында ғана үлкенін сүндетке отырғызған екен. Әйелі үйінен балалардың заттарын да алмай кетіп қалған. Жас отбасы Сәкеннің ата-анасының үйінде тұрады.

Ер кісінің айтуынша, Айнұр алғашқы рет кетіп қалып отырған жоқ. Бірнеше жыл бұрын ол күйеуіне ренжіп, бір ай бойы хабарсыз кеткен. Сәкенді көршілері жақсы жағынан сипаттап отыр, ішімдікке сылқыйып шу шығаратындардың қатарынан еместігін айтуда. Дегенмен  әйелінің хабарсыз кеткеніне 8 күн болды. Барлық туыстары мен достарына хабарласқанымен, нәтиже болмаған.

Байсерке полиция бөлімшесінде әйелдің жоғалғаны туралы тек журналисттерден естіп отырғандарын айтуда. Полицейлер оны табу үшін бар күштерін салуға уәде етті.

"Біз қайдан білейік? Егер ол шағым берсе, арнайы топ іздеуге кіріседі, іс қозғалады", - дейді учаскелік полицей Әбдуталип Құрманғалиұлы.

Соңғы рет Айнұр Алмазбек-қызын Іле ауданы Өтеген Батыр ауылының орталығында көрген. Куәгерлердің айтуынша, келіншек екі баласымен бірге әкімдік ғимаратынан шығып бара жатқан. Келіншектің туысқандары 23 жастағы Айнұрды көргендерден немесе оның қай жерде екенінен хабардар тұрғындардан  полицияға хабар беруін сұрайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1050465-almaty-oblysynda-23-zhastaghy-ayel-eki-bal/