Қарағандыда күшік қыз баланы алабайдан құтқару үшін өзін құрбан етті
Опубликовано:
Қарағандының мал дәрігерлік клиникаларының біріне жас жұбайлар қызын құтқарып қалған күшікті алып келді. Күшік қыз балаға тап бермек болған алабайға қарсы шығып, қатты жарақаттанған деп хабарлайды NUR.KZ порталы "Наша Ярмарка" басылымына сілтеме жасап.
Омыртқасы сынып, көптеген жарақаттар алған күшікті құтқару мүмкін болмады.
Белгілі болғандай, күшік аулаға секіріп кіріп кеткен алабайдан қыз баланы құтқармақ болып осындай күйге түскен екен. Аулада 10 жасар қыз бала мен 7 айлық күшік қана болған. Алабай жетіп келгенде күшік еш ойланбастан қыз балаға оны жеткізбей, өзінен екі есе үлкен итке қарсы шығады. Сол арада қыз баламен емес, күшікпен алысып кеткен алабай оны өлімші етіп талап тастаған.
Қыз бала үйге қашып үлгерген. Ал күшіктің жанайқайынан үйдегі ересек адамдар сыртқа шыққан. Олар алабайды таяқпен ұрып қуалағанымен, күшік сол арада қатты таланып қалған.
"Күшігіміз ауырғаннан балаша жылады. Қызым үйге қашып үлгерді. Біз бірден күшікті клинкаға алып бардық. Ол өз өмірін құрбан етіп, қызымызды құтқарып қалды", - деп көзіне жас алды қыз баланың анасы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1105117-qaraghandyda-kushik-qyz-balany-alabayd/