Алматыда троллейбус сүйреп кеткен зейнеткер ауыр халде жатыр

Опубликовано:

Троллейбус сүйреп кеткен зейнеткер ауыр халде жатыр. Егде жастағы қария қазір жансақтау бөлімінде деп хабарлайды Алматы арнасы.

Еске салайық, оқиға 21 сәуір күндіз Абай және Әуезов көшелерінің қиылысындағы аялдамада орын алған. №12 бағыттағы троллейбустың жүргізушісі сыртқа шығып бара жатқан жолаушыны байқамай, есікті тарс жауып, орнынан қозғалады. Сол сәтте есікке қысылған 84 жастағы Василий Махмут есімді зейнеткерді тас жолда бірнеше метрге дейін сүйреп кетеді.

Жапа шегушіге жедел медициналық жәрдем тура аялдамада көрсетілген. Ал, қарияның немересі атасының тізесін қатты жарақаттағанын айтты. Қазір Василий Махмут қаладағы Орталық клиникалық ауруханада жатыр. Ол өкпені жасанды желдету аппаратына жалғаныпты. Дәрігерлердің айтуынша, ол  комадан ояныпты. Ал, зардап шегушінің туыстары троллейбус жүргізушісін қатаң жазалауды сұрауда.

"Мен оны жүргізуші куәлігінен айырғанын қалаймын және ол өмір бақи екінші қайтара көлік тізгіндемесе екен деймін. Менің атам шығып келе жатқанда ол қайда қараған? Троллейбустың үлкен айнасы бар емес пе? Техникалық қауіпсіздік бойынша ол жан-жағын бақылап барып, қозғалуы тиіс еді. Бірақ ол бұлай істемеген. Әрі, кінәні атамның өзіне артты",- деді Анастасия Махмут.

Ал, автопарк басшылары қызметкерлеріне шаң жуытпауда. Green Bus автопаркінің директоры Бауыржан Құлышевтың сөзінше, жолаушыны сүйреген троллейбусты 34 жастағы Сәуле Бекенова есімді әйел тізгіндеген. Жүргізушінің еңбек өтілі 5 жыл әрі жұмысты мінсіз атқарады,- дейді автопарк басшысы. Компания зардап шеккен зейнеткерге жолаушыларды сақтандыру шарты бойынша материалдық көмек көрсетуге уәде берді. Жол оқиғасы Бостандық ауданының ішкі істер қызметінде тіркелді.

"Сотмедициналық сараптама ер азаматтың жарақаты орташа немесе қатты болғанын анықтаса, қылмыстық іс қозғалады. Ал, егер жарақаты жеңіл болса, жүргізушіге тек әкімшілік жаза тағайындалады. Барлығын сараптама нәтижесінің қорытындысы көрсетеді", - деді   Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1111206-almatyda-trolleybus-suyrep-ketken-ze/