Ақтөбелік азамат 88 жастағы қарияны еш себепсіз ұрып өлтірген

Опубликовано:

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында 88 жастағы қарияны еш себепсіз ұрып өлтірген жігітке сот үкімі шықты. Қылмыскер өмірінің 11 жылын абақтыда өткізеді.

Бұл жөнінде Керек.info тілшісіне Мұғалжар аудандық №2 сотының қызметкері Гүлім Жаңғылышбаева айтты.

Оқиға биыл 11 ақпанда Ембі қаласында болған. Сол күні ішімдікке сылқия тойған 29 жастағы жігіт туыстарымен сөзге келіп қалады. Үйінен ашулы шыққан айыпталушы көшеден 88 жастағы қарияны кездестіреді. Оған еш себепсіз сөзбен тиісе бастайды.Марқұмның үйіне қайтуын сұраған сөзін желеу етіп, оны бірнеше рет жұдырығымен ұрады. Мұнысымен қоймай, қатты соққы салдарынан жерге құлаған қарияны аяқпен тепкілей бастайды.

Жәбірленуші түрлі дене жарақатымен Ембідегі қалалық ауруханаға жеткізілген.Ер адамның басына ота жасалған. Алайда марқұм ес жимастан, қайтыс болады.

Сот 29 жастағы жігітті Қылмыстық Кодекстің 106 бабының 3-бөлімімен кінәлі деп тапты. Екі баланың әкесін 11 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтейді.

Белгілісі, сотталушы бұған дейін де абақтыға отырып шыққан. Ельнар Жулаев бұзақылық жасағаны және адам тонағаны үшін 4 жылға сотталған. 2011 жылы жазасын өтеп, бостандыққа шыққан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1117770-aqtobelik-azamat-88-zhastaghy-qariyany-esh-s/