Ақтөбе облысында белгісіз аурудан малдар жаппай қырылып жатыр (фото, видео)

Опубликовано:

Ақтөбе облысының Қобда ауданы Әлия ауылында мал ауруы белең алды. Белгісіз ауру 10 күннің ішінде 160-қа жуық малға жұққан деп хабарлайды aktobenews.kz.

Аудан әкімінің орынбасары Болат Құловтың айтуынша, мал ауруы 21 сәуір күні бірінші рет анықталған. Алғашқыда үш-төрт бас мал ауырған. 21- сәуір мен 30-сәуір аралығында ауру мал саны 157 басқа жеткен.

"Ауылда үш табын бар екен. Үшеуі бөлек бағылады. Ауру соның біреуінен анықталды. Халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аурудың таралымы өте тез. 10 шақты күннің ішінде 157-ге жетті. Облыстан, республикадан осы салаға жауапты мамандар келді. Қазір басқа сау малды жайылымға жібермей, үйде ұстап отырмыз. Ауыл шетіндегі арнайы мал сою алаңында ауру малдарды сойып, етін қайта өңдеуге жіберіп жатырмыз. Мал дәрігерлері етін өткізуге болатынын айтты. Басын, сирақтарын, терілерін өртеп жатырмыз. Біздің міндет аурудың таралмауын қадағалау", - дейді Болат Құлов.

Мал денесінің температурасы көтеріліп, аузынан ақ көбік ағады екен. Дене қызуы болғандықтан, мүйізі сынып, тұяқтары босап қалады дейді мамандар. Бір үйде бірнеше малдан ауруға шалдыққан. Мысалы, ауыл тұрғыны Сайлыбай Үдербайдың қорасындағы 14 малдың 10-ы ауырған.

"Бұзауларым өліп жатыр. 10 сиырымның аузынан көбік ақты. Интернеттен қарасақ, аусылдың белгілері сияқты. Содан қорқып, малымызды тапсырып жатырмыз. Бастың амандығы керек. Ауданнан басшылар келді. Көмектесеміз деді. Қазір малымыздың бір келісін 900 теңгеден саудагерлерге сатып алдырып жатыр. Егер бір жерлерде арзан мал болса, соны сатып алуға көмектесетіндерін айтты басшылар", - дейді ауыл тұрғыны Сайлыбай Үдербай.

Ауылда 65 жылдан бері тұратын Қалима Жақыпованың да малы ауруға шыққан. Екі сиыры өлген. Оның сүтін ішкен екі бұзауы да ауруға шалдыққан.

"Халыққа қиын болды. Мал дәрігерлері ауырған малдың бәрін құртыңдар деп жатыр. Осы ауылда тұрғаныма 65 жылдан асты, мұндайды бірінші рет көріп тұрмын. Біз малды Қобда өзенінің арғы бетіне жаямыз. Не болса да, сол өрістен келген пәле шығар", - дейді ауыл тұрғыны Қалима Жақыпова.

Бірнеше күннен бері ауданның барлық мал дәрігері осында. Аудан басшылары да осында жүр. Ауылда мал егетін төрт бригада жұмыс істеп жатыр. Олар әр үйге кіріп, вакцинация жүргізіп жүр.

«Мен 25 жыл мал дәрігері болдым, мұндайды бірінші рет көрдім дейді», — ауданнан келген мал дәрігері Ғалым Жұпжанов.

Қазір ауруға шалдыққан табын жайылымының, сол жердің топырағының, суының, шөбінің сынамасы алынып, Астанаға ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа жіберілген.

Мамандар жақын ауылдардағы мал жайын да тексеріп шыққан. Басқа ауылдарда мұндай жағдай жоқ дейді. Аудан басшылығы өлген бұзаулардың әрқайсысына бес мыңнан материалдық көмек береміз депті.

Ал зертхананың нақты қорытындысы бір аптаның ішінде белгілі болып қалуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1119729-aqtobe-oblysynda-belgisiz-aurudan-ma/