Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атыраулық альпинистер балалы әйелді өрттен құтқарып қалды

Опубликовано:

22 мамырда кешкісін «Grand Атырау» тұрғын үй кешенінің 8-қабатындағы пәтерлердің бірінде өрт оқиғасы орын алды.

Бұл уақытта үйдің шатырында «ПромАльпКазахстан» компаниясының өнеркәсіптік альпинисттері Александр Шахов пен Андрей Лобов болған еді деп жазады Ақ жайық.

"Біз үйдің қасбетінде жұмыстар жүргізіп жатқан едік. Жұмысымызды бітіріп, құрал-саймандарымызды жинастырып бастаған кезде, ащы түтін иісін сездім. Шатырдың жиегіне жақындап барсам, терезеден будақтап түтін шығып жатыр екен. Сол кезде көмек сұрап шыңғырған әйел дауысын естідім", - дейді Андрей.

Жігіттер дереу көмектесуге асығады.

"Біз подъезге түсіп, есікті ашпақ болдық. Бірақ ол бұғатталып қалған екен.  Кері шатырға шығып, түтін шығып жатқан терезе деңгейіне дейін арқан түсірдік. Мен төмен түстім. Әйел терезе арқылы маған кішкентай бөбегін берді. Андрей арқанды түсірді, онымен әйелді байладым. Осылайша ол түтіндеген пәтер терезесінің алдына шықты. Осы уақыт бойына бізді Андрей сақтандырып тұрды. Әрине, әйел есеңгіреп қалған еді. Біз оны қолымыздан келгенше тыныштандыруға тырыстық. Әйелмен түрлі тақырыпта сөйлесуге тырысқанымызда, бөбегінің әлі бір жасқа толмағандығын, есімінің менімен аттас Саша екендігін білдік", - деді  Александр.

Өрт сөндірушілер келгенше қанша уақыт өткенін альпинисттер білмеді, сағатқа қарамапты.

"Бізге олар тез келгендей болды, бес минут өткен шығар. Өрт сөндірушілер автосатыны жақындатып, әйел мен баланы жерге түсіріп алды. Оларды «жедел жәрдем» алып кетті. Бәрі дін аман", - деді олар.

Қос альпинист адам өмірі ажалмен бетпе-бет келгенде өз өмірлері үшін алаңдамағандарын айтады. Олар тек балалы әйелді құтқаруды ғана ойлапты.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1136416-atyraulyq-alpinister-balaly-ayeldi/