Ақтөбеде не болды және қалай болды? (фото)

Опубликовано:

Кеше Ақтөбеде қарулы топ 66/55 әскери бөлімі мен қару-жарақ сататын дүкенге басып кіріп, полиция қызметкерлерімен атысты. Ішкі істер министрлігі "теракт" деп бағалаған оқиға Ақтөбенің ғана емес, бүкіл Қазақстан жұртшылығын үрейлендіріп отыр.

Ақтөбеде болған атыста алты адам көз жұмған, оның екеуі - әскерилер. Жарақаттанғандар саны 20-дан асып кетті.

Атыс 5 маусымда, түстен кейін сағат 2-лер шамасында орын алған. Бұған дейін қаскөйлер "Спутник" ауданында орналасқан оқ-қару дүкенін тонаған деп жазады "Диапазон".

"Зардап шеккендер өте көп (...) Нақты мәліметті айта алмаймын, барлық бригада осында. Көптеген бригада оқиға орнына барып жатыр. 20-дан аса адам зардап шекті, ал қаза тапқандар жайлы айта алмаймын", - деген еді ауруханадағылар.

Содан соң,  қаланың ескі бөлігіндегі «Пантера» және 5-ші «Паллада» шағынауданындағы екі қару-жарақ дүкені тоналды. Қарулы топ мұнымен тоқтамай, 66/55 әскери бөліміне басып кірді. Қарулы топпен қақтығыс кезінде 2 құқық қорғау қызметкері қаза тапты.

Ақтөбе облыстық әкімдігі мен Ішкі істер басқармасынан бұрын Қазақстан Ішкі Істер министрлігі оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, қарулы қақтығысқа себепкер болғандардың жат діни ағымдағылар болуы мүмкін екенін растады.

Сонымен қатар, Ақтөбедегі террористер автобусты басып алып, адамдарды кепілдікке алғанын да ІІМ ресми түрде растады.

Қасиетті Ораза айының алдында болған атысқа қатысты парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та пікір білдірді. Ол Ораза кезінде қару асынып, бейбіт адамдарға оқ жаудырған  қылмыскерлердің ісін шектен шығу деп бағалап, оларды қатаң жаза күтетінін айтты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев халыққа үндеу жолдап, қала мен облыс тұрғындары аса сақ болуға шақырды. Ол қалада антитеррорлық операция жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қала тұрғындарына Ақтөбедегі террор деңгейі қызыл нүктеге жеткенін хабарлайтын SMS-тер жолданды.

Кейін NUR.KZ тілшісі Ақтөбедегі атыста қаза тапқандардың бірі мұнай компаниясында жұмыс істейтінін, атысты ұйымдастырушыларды халық "тәкфіршілер" деп атағанын хабарлады.

Білім және ғылым министрлігі бүгін Ақтөбеде өтуі тиіс Ұлттық бірыңғай тестілеуді кейінге шегерді.

Abai.kz хабарлауынша, жедел жәрдем көлігімен бірнеше адам ауруханаларға жеткізілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығы Әсет Қалиевтің айтуынша, алты бірдей жан сақтау бөлімінде күрделі операция өткен. Алты бірдей азамат ішінен және кеуде тұсынан ауыр жарақат алған.

Әсет Қалиевтің айтуынша жарақат алғандар қарақшылар шабуыл жасаған «Пантерра», «Паллада» қару-жарақ дүкендері мен әскери бөлімде де бар.

Ал, сарапшы Марат Шибутов бұл оқиғаны "ішкі лаңкестердің" ісі деп отыр. Ол 2011-2012 жылдары лаңкестікпен күрес елімізде барынша жүргізілгенімен, олардың орнына жаңа лаңкестер легі келгенін, олардың радикалды келетінін айтады.

«Бұрын онда (Ақтөбеде – ред.) ислам діні оңтүстік өңірге қарағанда қатты тарамады. Сондықтан, жаңадан дінге бет бұрушылар көп. Ал, жаңадан келушілер радикалдардың ішінде ең көп үлеске ие. Оған қоса батыс халқы жауынгер келеді, сонымен бірге онда мұнайшылар мен басқа халықтың арасындағы кіріс деңгейінің алшақтығы зор. Сондықтан, батыс өңірде тарихи, әлеуметтік-экономикалық және діни факторлар бір жерге тоғысып, осындай күрделі жағдай туғызып отыр», - дейді ол.

Фейсбук, ВКонтакте, Туиттер тағы басқа әлеуметтік желі арқылы қоғамдық белсенділер азаматтарды сабырлық сақтап, түрлі арандатушылық әрекеттерден абай болуға шақыруда.

Аймақтағы NUR.KZ тілшісі Ақтөбедегі жағдайдың әлі де күрделі екеніндігін хабарлады. Қалада тікұшақтар мен әскерилердің қарасы өте көп.

Тағы оқыңыз:

2011 жылдан бері елімізде қандай терактілер болды? (фото)

Тоқаев: Қасиетті Оразаның алдында болған атыс - шектен шыққан арсыздық

Шетелдік БАҚ Ақтөбедегі атыс туралы не жазды?

Бердібек Сапарбаев қала тұрғындарын өте сақ болуға шақырды

Ақтөбедегі атыста бес адам қаза тапты

Қазақстандықтар Илья Ильиннің допинг қолданғанына сенбей отыр

Бүгін Ақтөбеде Ұлттық бірыңғай тестілеу өтпейді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1150644-aqtobede-ne-boldy-zhane-qalay-boldy-fot/