Ақтөбедегі атыста қаза тапқан әскери қызметкердің артында 4 баласы қалды

Опубликовано:

Кеше Ақтөбедегі теракт кезінде әскери қызметкер Берік Қалиев қаза тапты деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбедегі 66/55 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша жұмыс істейтін Берік Қалиев теракт кезінде ерлікпен қаза тапқан. Бүгінде марқұмның артында жары мен 4 баласы қалды.

"Суыт хабарды естіп барғанымызды, бөлемшенің ауласында 3 адамның денесі жатты. Жантүршігерлік жайт... "Берік ерлікпен қаза тапты, ол бөлімшені қорғап қалды" деп бізді жұбатып жатыр. Бүлікшілер әскери бөлімшеге кіріп келіп, адамдарды ойыншық құрлы көрмей қырып тастаған", - дейді марқұмның туысқаны.

Берік Қалиевтің Ақтөбеде әскери қызмет атқарғанына 10 жылдан асқан. Ембі қаласындағы түрмеден Ақтөбеге 5 жыл бұрын ауысқан.

Ақтөбеде радикалды бағыттағы қылмыстық топпен күресте қаза тапқан Берік Ерланұлы Қалиевтің денесі бүгін Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Жақсыбай селосына тікұшақпен жеткізіледі.

Туысқанды марқұмды 8 маусым күні жер қойнына тапсыратынын хабарлаған.

Еске сала кетейік, 5 маусым күні бүлікшілер 66/55 әскери бөлімінің қақпасын сындырып кіріп, суық қарудан оқ жаудырды. Бүлікшілер бірнеше әскери қызметкерді жаралап, екеуін атып өлтірген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1150942-aqtobedegi-atysta-qaza-tapqan-askeri/