Ақтөбе облысында 10 жасар бала анасын қорғау үшін әкесін пышақпен жарақаттаған
Опубликовано:
Ақтөбе облысының Темір ауданында 10 жастағы бала әкесіне пышақ ала жүгірді. Осылайша ол отбасылық жанжал кезінде анасын қорғамақ болған.
Бұл жөнінде Ақтөбе облыстық ІІД зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Марина Нұрымжанова айтты деп хабарлайды Керек-инфо.
Ақтөбе облысында жыл басынан бері 700-ге жуық әйел күйеулерінен қорлық көріп, шағымданған. Бұл - ресми тіркелгені ғана.Өйткені зорлық көргендердің көпшілігі полицейлерге арыздана бермейді. Әйелдеріне қол көтеретіндердің қатарында “дін жолында жүргендер” де бар. Нәзік жандылар әлі де болса жәбір көргенін айтудан жасқанады. Тек балаларына тиіскенде ғана полицияға шағымданады.
"Әйелдер күйеуінің ұрып-соққанына ұзақ уақыт бойы төзеді. Тек балаларына зиян тигізгенде ғана полицияға шағымданады.Содан кейін ғана ажырасуға өтініш береді. Бұған былтыр Ақтөбеде өгей әкесі мүгедек еткен 11 жастағы қыздың тағдыры дәлел. Осыдан бір ай бұрын Темір ауданында оқыс оқиға болды. 10 жастағы ер бала әкесіне пышақ ала жүгірген. Әйел ұялы телефонына күйеуінің көзіне шөп салғаны туралы хабарлама алады. Жанжал кезінде ер адам әйеліне қол көтерген. Анасын қорғамақ болған бала туған әкесіне пышақ ала жүгірген. Артынан ерлі-зайыптылар татуласты. Ер адам аздаған жарақат алған. Алайда, мұның артында үлкен мәселе жатыр. Өйткені бұл бір ғана отбасының емес, мемлекеттің проблемасы. Тәндегі жара жазылғанмен, баланың жүрегінде қалады. Психологиясына әсер етеді. Қорлық көрген әйел де дұрыс жұмыс істей алмайды. Өзіне деген сенімді жоғалтады. Бала да дұрыс сабақ оқымайды. Отбасында әйелге қол көтергенін көріп өскен баланың болашақта оны қайталамасына кім кепіл?!"–дейді Марина Советқызы.
Маманның сөзінше, отбасындағы зорлық-зомбылық статус таңдамайды. Жәбір көретіндердің арасында оқыған, дипломы бар әйелдер бар. Дін жолында жүрген отбасы мүшелері де жиі шағымданады. Әсіресе, ішімдік ішетін қолайсыз отбасыларға қарағанда зиялы қауымның өкілдері полицияға жиі шағымданады екен.
"Озбыр еркектер әйелдерін "егер ажырассаң, сені далаға лақтырып тастаймын, үй менікі, балаларды тартып алам" деп қорқытады. Бұдан құтылудың бір ғана жолы бар, учаскелік инспекторға арыз жазу керек. Зорлық-зомбылық көрсеткені үшін 3 тәуліктен 60 тәулікке дейін түрмеге қамайды. Бірнеше рет қайталанса, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Ажырасқан күннің өзінде де заң әйелдің жағында. Тіпті, әйел адамның тұрмысы төмен, жалдамалы пәтерде тұрса да сот баланы анасының жанында қалдырады. Ал әкесінің баламен кездесу уақытын шектейді", -дейді инспектор.
Күйеуінен қорлық көрген келіншектердің бірі қазір Аналар үйінде тұрып жатыр. 23 жастағы Бибісара(кейіпкердің аты-жөні өзгертілді-ред.) жолдасының ұрып-соққанына 2 жыл шыдаған. 2 рет миы шайқалып, ауруханаға да жатып шыққан. Тіпті ішімдікке сылқия тойып, соққыға жығатын күйеуінің кесірінен түсік те тастапты.
"Күйеуіммен бар-жоғы 2 айдай таныс-біліс болдым. Ол – Қызылорда облысы Шиелі ауданының тумасы. Менен 6 жас үлкендігі бар еді. Той күнін белгілеп, туыстарына айтып қойған екен. Кері қайтатын жол болған жоқ. Той болды. Бірақ заңды некеге отырған жоқпыз. Сәті түспеді. Той өткеннен кейін, ол маған ішіп келіп, қол көтерді. Күн өткен сайын ұрып-соғуы жиілей түсті. 2 рет басым жарылып, ауруханаға жатып шықтым. Алғашқы нәрестеме 6 ай болғанда ішімнен теуіп, қансырап, түсік тастадым. Күйеуім теміржолда машинистің көмекшісі болып жұмыс істеді. Кездесіп жүргенде жаман қылығы байқалмаған еді. Алайда, ішетін, шегетін болып шықты. Әкесін де ұратын", -дейді көз жасын жасыра алмаған келіншек.
Келіншекке енесі де күн көрсетпеген.
"Үнемі "тауық қорадан шыққан қызсың" деп қорлап, кемсітіп отыратын. Кетем десем, құжаттарымды тығып тастайтын. Балаларымен күйеуден қайтып келген қайынсіңілім мен қайынапам да отқа май құятын", - дейді ол.
Қорлыққа төзбеген жас келіншек ақыры кетуге мәжбүр болған. Құжаттары мен киімін жинап, үйден бір күнде қашып шыққан. Ақтөбеге келгеннен кейін аяғы ауыр екенін білген . Жүкті кезінде өзі жұмыс істеген дәмханада тұрып, пәтер де жалдаған. Ал қазір 8 айлық ұлымен Аналар үйін паналап жүр.
"Қазір ол ұлының бар екенін білмейді. Білгенін де қаламаймын. Ер бала есейгесін әкесін сұрайды. Не деп жауап беретінімді, уақытында көрермін. Бірнеше рет ол кешірім сұрап, хабарласты. Алайда, жүрегім жібіген жоқ. Өйткені бір рет қол көтерген адам бұл қылығын қоймайды екен. Отбасымды сақтап қалғым келген. Бірақ, бір күні қояр деген үмітім жалған болып шықты. Көрген азабым жүрегімде қалды. Әрқашан есіме түсіп тұрады. Аналар үйінде тұрып жатқаныма 4 ай болды. Келген кезде қаншама стресс болды. Қыздармен тіл табыса алмадым. Психологтар сөйлесті. Қазір жағдайым жақсы. Ата-анам Ойылда тұрады. Оларға жағдайымды айтып, масыл болғым келмейді", - дейді ол.
Таяуда қазақстандық танымал продюссер Баян Есентаева да отбасылық жанжалдың құрбаны болды. Бұқаралық ақпарат құралдары оны 21 жыл отасқан күйеуінің пышақтағаны туралы жарыса жазды. Танымал продюссер ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне жатқызылды. Белгілі актрисаға қолдау ретінде қазақстандық әйелдер көздері көгерген суреттерін әлеуметтік желіге жариялады. Даттағандар да, ақтағандар да табылды. Күйеуінің мұндай қадамға баруының себебін қызғаныш пен көзге шөп салудан да іздегендер де табылды.
Керек-инфо тілшісі бұл туралы дін өкілдерінің де пікірін сұрап көрген еді. Ақтөбе қалалық мешітінің имамы Серікжан Еншібайұлының айтуынша, ислам діні әйел адамға қол көтеруді жақтамайды. Қателескен күннің өзінде оның жазасын ері емес, мемлекет беруі тиіс.
"Пайғамбарымыздың хадистерінде әйелдің нәзік жандылығы, қисық қабырғадан жаратылғандығы айтылады. Ана ретінде әйелдің дәрежесі ер адамнан жоғары тұрады. Сондықтан ер адам әйеліне қамқор болуы керек. Қол көтеру – ер адамның әлсіздігі. Ислам діні әйелді ұрып-соғып тәрбиелеуді құптамайды. Күйеуінің көзіне шөп салған күннің өзінде жазасын мемлекет беруі тиіс. Бұл бұрынғы қазақ дәстүрінде, исламда бар нәрсе. Таспен атып, дүре соғып жазалаған. Мешітке күйеуінің қол көтергенін айтып, әйел адамдар жиі шағымданады. Әйелін талақ еткендер де бар. Дінде ажырасып, қосылуға екі рет мүмкіндік беріледі. Үшінші рет қайталанса, ер адам әйелінің өзге адамға тұрмысқа шығып, одан ажырасқанын күтуі тиіс. Бұл – ер адамға отбасын сақтай алмағаны үшін берілетін жаза. Дінде бірге тұру адам өміріне қауіп төндірген жағдайда ғана ажырасуға рұқсат беріледі. Сондықтан көбіне отбасын сақтап қалуға тырысамыз", - дейді имам.
Өткен жылы Ақтөбе облысында тұрмыстық жанжал салдарынан 4 әйел көз жұмған. Биыл адам өлімі тіркелмеген. Алайда 4 нәзік жандының денсаулығына қасақана ауыр зиян келіпті. Жақындарына қауіп төндіргені үшін 2000 қорғау нұсқамасы шығарылған. Әйелін өлімші етіп сабағаны үшін 112 ер адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Мамандарды әлі де болса әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көнбістік танытатындығы алаңдатады. Бір өкініштісі, Ақтөбеде әлі күнге дейін әйелдер паналайтын орталық жоқ.
Тағы оқыңыз:
Тараздағы атыста жараланғандар ауыр халде жатыр
Подобедова: Менің берер жауабымнан гөрі қояр сұрағым көп
Веллер: Қазақтардың ата-бабалары Ресейге мемлекеттік әперді
Елдегі "байсалды сәләфилердің" көбі халықты кәпір санап, ата-анасынан бездіреді
Баян Есентаева ауруханадан шығарылды
АҚШ-тағы саентологтардан қызын қайтара алмай отырған отбасы Назарбаевтан көмек сұрады
14 жастағы қазақ қызы төрт зорлаушының бірінен жүкті болып қалды
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1165979-aqtobe-oblysynda-10-zhasar-bala-anasyn-qo/