2011 жылы теракт болған Шұбарши халқы қара жамылғандардан қорқып отыр (фото)

Опубликовано:

Шұбаршиде жұмысы жоқ халық екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүр. Ауыл тұрғындары биліктің өтірік айтатынын жұпыны тұрмысқа қарап бағамдауға болатынын айтады. 2011 жылы алғаш рет теракт болған аймақтың бүгінгі жағдайын NUR.KZ тілшісі біліп қайтты.

2011 жылы теракт  басталған Ақтөбедегі Шұбарши ауылының бүгінгі тұрмысы қандай? Ауылды көзімізбен көріп, халықпен тілдестік. Бес жыл бұрын Шұбаршидегі он күнге созылған қарулы қақтығыста жиырмаға жуық адам қаза тапқан болатын. Ауыл тұрғындары оқиғаның себебін сол кезде әлеуметтік теңсіздік пен жұмыссыздыққа тіреген.

Биліктің назары соғыс болған ауылда тұрып жатқан елге ауды. Халықты жұмыспен қамтып, жағдайдың жасалатынын айтып шулады. Ауыл сол баяғы таз қалпы. Баласының жұмыс таба алмай жүргенін айтқан ана, «айтқандарында не өзгеріп жатыр» деп сөйлесуден теріс айналған діндар жігіт, жұпыны тұрмыс, ауылдан шыққан жағымсыз иіс сырттан келген адамның еңсесін басады.

Шұбарши жағдайы шаршаңқы халық, қара жамылған қыздардың санында шек жоқ

«Ауылда намаз оқитын отбасы көп. Кешкілік көшеге шықсаң оранатындар қаптап жүреді. Олар бізбен араласпайды, жеті шелпек апарсақ та алмайды. Көршім де намаз оқитын отбасы. Бірінші әйелі намаз оқымағасын одан ажырасып, екінші әйелімен тұрып жатыр», - дейді шұбаршилық Мейрамгүл Ахмет.  Оның діндар көршісі басқа ойда.

«Ауыл тыныш. Әркім өз күнін көріп жүр. Мен еш жерде жұмыс істемеймін, мал ұстамаймын. Кейде ауылға құрылысқа барамын. «Браттың» машинасымен такси қызметінде жүрдім. Қазір үйде жатырмын. Кімде көп болып бара жатыр, солар көмектеседі. Құдайдың бергенін ризық қылып отырмын. 2009 жылы намаз бастадым. Бір әйелім бар, бұрынғы кететін адамым кетті. Альхамдулиллах, осы құлап жатқан үйде тұрып жатырмын», - дейді отыз жастамын деп таныстырған Асқар есімді таксист.

Көзінің оты түгілі, өзінде үміті жоқ бұл жігіттің жоқшылықтан шаршағанын байқау қиын емес. Ол әйелімен сөйлесуге рұқсат берген жоқ. Ал көршісі айтқан жеті нан туралы айтқанда ашуланып қалды.

Ауылда жұмыс жоқ, жеккөрініш көп

Боямасыз өмірді көрсету үшін халықпен тілдестік. Ауылдың жағдайын сұрағанда барлығы тек жұмыссыздықты айтты.

«Ауылда он жылдан бері тұрамын. Тұрмыс қиын, өзгеріп жатқан ештеңе жоқ. Жолдасымда жұмыс жоқ. Қысқарту болып, елу пайызын алып үйде отыр. 23 жастағы балам бітіріп келді, жұмысы жоқ. Мен өзім оранып жүргендерді жек көремін. Балама сақал қойғызбаймын. Айналамыздың барлығы сақал қойғандар болған соң қорқамыз», - дейді ауыл тұрғыны Марина Ахмеджанова.

Мешітте отырған мектеп түлегі де ауылдағы жағдай жақсы емес деген ойда.

«Биыл мектеп бітірдім. Басқа ағымда жүрген жігіттер Саркөлдегі мешітке жиналады. Бәріміздің намаз оқығанымыз бірдей, тек түсініктеріміз басқа. Басқа адамдарды кәпір санайды», - дейді мешітте отырған Біржан Шапенов.

Ауылда аяқ-қолы сап-сау еңгезердей азаматтар шешесінің зейнетақысына қарап отыр.

«Ауылда жұмыссыз жастар көп. Көбі тиіп-қашып жұмыс істейді. Үйдегі үлкендердің зейнетақысында отыр. Ауылда еш өзгеріс жоқ. Күйеуі қайтыс болып, бес баласына тамақ, киім таба алмай отырған адамдар бар. Өзгеріссіз бір жағдай, жұмыссыз сенделіп жүр. Бәрі сақалға тиіседі. Жұмыста маған да сақалыңды ал деп айтты, қысқартып қойдым. Бұл жақта қаншама адамды «Сақалды ал!» деп жұмыстан шығарып жіберді», - дейді ауыл тұрғыны Азамат Қаймулдин.

Ауылдың жағдайын сұрағанымызда әрбір адам жұмыссыздықтың қиын екенін айтады.

«Ауылда жұмыс жоқ. Сенделіп жүргендер арақ ішеді, ішпегені мешітке барады. Мына ақмешіттің іші күнде кешке толып тұрады, не болып жатқанын білмейміз», - дейді Дина Шынтұрғанова.

Сақалды жігіт пен ниқаб киген қыз қоғамнан әлі де бөлек

Ауыл тұрғындары дәстүрлі емес дінді ұстанушылар Шұбаршидағы ақмешітке жиналатынын айтады. Ол Ақтөбедегі ең имам тұрақтамайтын мешіт. Намаз уақытында олармен тілдесуге барып, сөйлесе алмадық. Бірі «Мен бөгде әйелмен сөйлеспеймін» десе, тағы бірі «Мен ештеңе айта алмаймын, ертең комитет жауып тастап жүрер, ауылда не жағдай дейсің, айтатындарының бәрі өтірік» деп бұрылып кетті.

«Билік ауылды дамыту үшін түк істеп жатқан жоқ. Бәріміз босып жүрміз. Үйде екі балам менің зейнетақыма қарап, жұмыссыз отыр. Ауылдағы қаптап жүретін оранғандарға да үйреніп болдық», - дейді Айдынгүл Төлеубаева. Тұрғындар кішкентай ауылдағы екі түрлі түсінікке де көнген.

Имамның 15 күні вахтада өтеді

Ауылдың бір басы Шұбарши селосы деп аталса, екінші шеті Саркөл ауылына жатады. Бір ауылда екі түрлі имам бар. Саркөл имамы ақмешіттегі жағдайдың қиын екенін жайып салды.

«Жұмада мешіт лық толады. Бір мешітке 150 адам келеді. Біздің мешіт тыныш. Ана ауылдағы ақмешітте «Амин» деген сөзді айқайлап айтады. Имамды тыңдамайды, бағынбайды. Ақмешітке дәстүрлі емес дін ұстанушылар жиналады. Ол жақта 11 жылда 11 имам ауысты. Шыдамай кетіп қалады. Себебін білмеймін, нақты айта алмаймын. Мүмкін олар ақша төлемегесін де кетіп қалып жатқан болар? Мен өзім 15 күн вахтаға барамын. Келгенімде мешітте боламын. Жасыратыны жоқ, маған басында осы мешітті салған жолдас жігітім төлеп тұрды, кейін Байғанин жаққа жұмысқа кірген соң өз күнімді көріп жүрмін», - дейді Саркөл мешітінің имамы Рүстем Нұрғазин. Оның айтуынша, имамдар ақшасыз жұмыс істеп жатыр.

«Өткенде облыстан наиб имам келді. Ауылдың жағдайын, имамдардың ақшасыз жүргенін айттым. Олар қалай тұрақтайды дегенімде «Аға, менің өзім айлық алмай жұмыс істеймін» деді. Имам жарытып, ақша алмаса, жамағаты тыңдамаса, оларға да қиын емес пе?! Осында келген балалар жұмысқа кірейік десек 200-300 мың теңге ақша сұрайды деп айтып отырады. Біздің ауылдағы зауыттарда ақшалары бар ауылдан келіп, 200 мың теңгесін төлеп, жұмыс істеп жатқандар бар», -дейді ауыл имамы Рустем Нұрғазин.

Әкімнің «аппақ» әлемі

Ауылдан Саркөл ауылының әкімін ғана таптық. Ол ауылдағы жағдайдың адам айтса сенбейтіндей «тамаша» екенін айтты, өзінің жетістіктерін тізіп мақтанды.

«Ауылдың жағдайы өте жақсы. 2011 жылы Шұбарши кентінің әкімі болып істедім. 2013 жылы Саркөл ауылдық округінің әкімі етіп ауыстырды. Себебі мен Шұбаршида жаңа мектеп, әкімдік ғимаратын, мәдениет үйін салдым. Мен осында келгенде де атқарған жұмыстарым көп. Әкімшіліктің айналасында қоршау да болған жоқ. Саябақ жасадым, тал отырғыздым. Ауданға тағайындалған жаңа әкім де менің жұысыма жақсы баға беріп кетті. Мына жаққа айнала журналистер келіп жатыр, айнала жау шапқандай. Алдында әкім «Саркөлді мақтап кетті» деп сіздерді арнайы біреу жіберген болып тұр», - деген Саркөл ауылдық округінің әкімі Құсайын Шалманов әңгімесінің арасында күдіктеніп алды.

«Мен келгенде Саркөл ауылдық округінде 1902 адам болды, қазір 1980-ге жетті. Жылда қырық шақты бала дүниеге келеді. Өсім жақсы. Спорт алаңы салынды, үш көшеге жарық тарттым. Діни жағдай тұрақты. 52 адам жұмыссыз болып тіркеуде тұрды, 42-сін жұмысқа орналастырдық. Енді қалғанымен жұмыс істеп жатырмыз. Ауылда иіс те, ештеңе жоқ бәрі жақсы», - дейді Құсайын Шалманов.

Ауылды аралағандағы және әкімдік ішіндегі көрініс екі түрлі. Ауылда жұпынылық, халықта жоқшылық болса, әкімдіктен бақуатты шенеунікті көру қиын емес. Қымбат жиһаздар мен желдеткіштің астында отырған әкім әңгімесі мен халық сөзінің қиыспауының да жөні бар шығар...

Тағы да оқыңыздар:

Ақтөбе облысында аяғы ауыр келіншек 5 баласымен клуб күзетіп жүр (фото)

Сапарбаев дүкенге келген кішкентай балаға күтпеген жерден сыйлық алып берді (фото)

Атышулы Тоқтар Төлешевтің қараусыз қалған аюы ауыр дерттен өліп қалды

Еуропа чемпионаты жайлы қызықты 10 дерек қандай? (фото)

Астаналықтар халықтың қақ ортасында тұрған Әсет Исекешовті танымай қалды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1188084-2011-zhyly-terakt-bolghan-shubarshi-khalqy-qar/