Алматы облысында дүниеге келген үшемнің бірі перзентханада шетінеп кетті
Опубликовано:
Емделушілер жиі шағым жасайтын Алматы облысы Қарасай аудандық ауруханасының перзентханасында жарты ай бұрын дүниеге келген үшемнің бірі шетінеп кетті деп хабарлайды 31 арна.
Сәбилердің туу туралы куәліктерін қолдарына алып үлгерген отбасы бұл оқиғаға дәрігерлерді айыптайды. Ал аурухана қызметкерлері кімнің кінәлі екенін ашып айта алмай отыр.
"Вакуумдегі бала емшектен өзі еміп отыратын, жаңалықтарды күнде өз көзіммен көріп отырдым. Жақсы болып жатқан", - дейді үшемнің әкесі Қайрат Ысқақов.
Екі апта бұрын дүниеге келген үшемнің әкесі Қайрат Ысқақов перзентханаға қос өкпесін арқалап, құстай ұшып жеткен еді. Сәбилердің халінің қалыпты екеніне көз жеткізіп, көңілі де жайланған. Алайда қуаныш ұзаққа созылмай, екі күн бұрын үшемнің бірі кенеттен шетінеп кетеді. Көңілі күпті әке бұл іске мейірбикелердің бірі кінәлі дейді.
"Палаталарының есіктерінің бәрі ашық. Жаңағы үшінші қызым вакуумде жатқан, ол вакуумның сыртында жатыр. Вакуумның есік-терезелерін ашып, сыртқа баланы шығарып қойған вакуумнан", - дейді Ысқақов.
Үш құлынының бірінен қарадай айырылып қалған анасы, ауыр күйзеліс үстінде отырған Айгүл палатаға мейірбике, педиатрлардан өзге ешкім кіре алмайтынын айтқан. Ал бір апта бұрын үшемнің туу туралы куәліктері де қолдарына беріліпті. Жақында үйге шығарылады деп, жиендерін көріп те үлгермеген нағашы ата-апасы дәрігерлердің салғырттығын аурухана басшысының бетіне басты.
"Олар былай кеттім, алай кеттім деген желеуді айтады. Ол неге өз орнындағы жұмысына еге бола алмайды? Мен осыған ашынып жатырмын", - дейді үшемнің нағашы атасы Серікбай Жаңабаев.
Ескертуді үнсіз тыңдаған директор айыптыны іздеген отбасының шағымдарымен келіспейді. Барлығын сараптама нәтижесі көрсетеді деп отыр.
"Қазір кім кінәлі, кім кінәлі емес, әзірше жауап бере алмаймыз. Кезекші пост бар, ол жерде бәрі істелінеді. Дәрігер оны көріп тұрады. Әйелі барғанда дәрігерге барды. Кезекші дәрігер болмады деп айтуға болмайды", - дейді Алматы облысы Қарасай аудандық ауруханасының директоры Сәуле Сауранбаева.
Ал 24 қазан күні таңғы сағат сегізге белгіленген сараптама жұмыстары әлі жүргізілген жоқ. Аурухана директорының айтуынша, Қарасай ауданында бірде-бір сараптама жасайтын дәрігер жоқ екен. Алматыдан арнайы алдыратын маманның өзі межелі уақытта төбе көрсетпеді. Кішкентайы шетінеп, көңілі жетімсіреген балалардың әкесі енді істің ақ-қарасын айыру үшін заң орындарына шағымданамын деп отыр.
Тағы оқыңыздар:
Данияр Елеусінов өзін салафит деп атағандарға жауап берді (видео)
Иракта енді арақ сатқандар қатаң жазаға тартылады
Өз-өзін өлтіруге тапсырыс берген келіншек ауыр халде жатыр
Шымкентте газды дұрыс орнатпау салдарынан екі бала ажал құшты
Арменияда құрсақтағы сәбидің жынысына байланысты жасанды түсік жасатуға тыйым салынбақ
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1294249-almaty-oblysynda-duniege-kelgen-ushem/