Таразда зейнетке шығуына небәрі 5 ай қалған прапорщик атылып өлді
Опубликовано:
Тараздағы 5513 әскери бөлімінде 46 жастағы прапорщик табельді қаруымен атылып өлді деп хабарлайды КТК арнасы.
Зейнетке шығуына небәрі 5 ай қалған Үсен Рапишевті мұндай қадамға не итермелегені қазір тексеріліп жатыр. Ал марқұмның жақындары оның суицид жасауына басшылық тарапынан көрген қысым себеп екеніне сенімді.
Сондықтан төрт баласымен еңіреп қалған жесірі кінәлілердің қатаң жазаға тартылуын сұрап отыр. Атпалдай азаматтың мезгілсіз қазасы жақындарының қабырғасын қайыстырды.
5513 әскери бөлімде қару-жарақ қоймасының бастығы болған Үсен Рапишевтің өлі денесі өткен жұма күні өзінің жұмыс орнында табылған. Туыстарының айтуынша, ол өзін табельді қаруымен жүрек тұсынан атыпты. 46 жастағы азаматтың соңында әйелі мен 4 баласы қалды.
"Қазір ол кетті. Қазір ойланып отырмын ертең мына төрт бала-шағама тамақты қайдан тауып беремін. Мен қалай бұлардың оқуын төлеймін. Қалай елдің арасына шығарамын, айтыңыздаршы? Менің жалғыз тірегім сол болатын. Бұларды қалай жеткізерімді білмеймін", - дейді Рапишевтің жесірі Аягөз Рапишова.
Бес айдан соң зейнетке шыққалы жатқан азаматтың бұлайша ажал құшуы көптің күдігін туғызды. Марқұмның бауырлары оны өлімге басшылары итермелегеніне сенімді. Айтуларынша, Үсеннің сыңары Асан да осы мекемеде кинолог қызметін атқарған.
Алайда бір жыл бұрын басшылығы оған өтемақы бермей зейнетке шығарып жіберген. Қаржыны даулаған Асан әскери прокуратураға арыз жазыпты. Содан бері әскери шенділер інісің соңына түсіпті-мыс. Сөйтіп, марқұмның өлерінен бір күн бұрын жұмысқа кешіккенін желеу етіп қызметінен босатпақ болған көрінеді.
Үсенді қызметінен кетіру жайы көтерілгенін әскери бөлім командирі де растады. Жұмысқа үш сағат кешіккен дейді өйткені. Бірақ, оның 16 жыл еңбек өтілі барын, әрі зейнетке шығуына небәрі жарты жыл қалғаны ескеріліп, мұндай шара қолданылмас еді деп сендіреді. Ал қысым жасалды дегенді мойындаған жоқ.
"Ол өзін жақсы қырынан көрсете білген азамат. Неге суицид жасағанын өзіміз де түсінбей қалдық. Алдын ала бұл жағдайға қатысты ештеңе айта алмайыз. Қазір тексеру жүріп жатыр. Егер расында кінәлілер анықталса, қатаң жазаға тартылады", - дейді 5513 әскери бөлімінің командирі Бағдат Нарбаев.
Қазір әскери тергеу басқармасы бұл дерекке қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу жүріп жатыр. Әзірге тек, марқұмның Макаров тапаншасынан атылып өлгені белгілі. Өзге мәліметтер тергеу құпиялығына байланысты айтылмауда.
Сондай-ақ, қоса кетейік, Үсен Рапишев өзіне қол салардың алдында бұл қадамға не үшін барғанын және оған кімдердің кінәлі екені көрсетілген хат жазып қалдырған. Алайда тілдей қағаздағы жазбаның мазмұны әзірге айтылмай жатыр.
Тағы да оқыңыздар:
Патшасын бір жыл бойы жоқтайтын Таиланд жаңа жылды тойламайтын болды
Ажалдан аман қалған Қайрат Нұртас халыққа алғысын жаудырды
"ЭКСПО"-ға келетін шетелдіктерді «алтын» және «күміс» нөмірлері бар пәтерлер күтіп тұр (фото)
Сот Бақытбек Есентаевтың тағдырын 3-ші қараша күні шешеді
Есірткіні табыс көзіне айналдырған 75 жастағы алматылық әже сотталып кетті
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1301547-tarazda-praporshchik-tabeldi-qaruymen/