Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Талдықорғандық қыз өзін 9-сыныпқа дейін зорлаған екі ағасын сотқа бере алмай отыр (фото)

Опубликовано:

Талдықорғандық қыз өзін сегіз жасынан 9-сыныпқа дейін тоқтаусыз зорлап келген нағашы ағаларын сотқа бере алмай отырғанын айтты деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі. Сәнияның әкесі бес жасында өмірден озып, шешесі басқа күйеуге тиіп кеткен соң нағашы әжесінің қолында қалған. Нағыз тозақ сол кезде басталды дейді 19 жастағы бойжеткен.

«Екінші сынып оқып жүргенде 1993 жылғы Алмас деген ағам қораға кіргізіп алып зорлады. «Біреуге айтсам сиыр қорада түнейсің. Бәрібір сенің сөзіңе ешкім сенбейді» ,- деді. Бірақ кешке әжеме айттым «маған Алмас осылай жасады деп. Ол кісі Алмасты үлкен ұлынан көрген тұңғыш немересі болған соң қатты қорғаштайтын. «Сен мені қызғанып біреуге жала жаппа» деп өзімді ұрсып мән бермей қойды. Осылайша Алмас үйде ешкім жоқ кезде ұстап алып қорлық көрсететін. Ал анам үйге мүлдем келмеді. Үнемі жылайтынмын. Барлығы сұрағанда қорыққанан «анам мен әкемді сағындым» деп айтатын едім. Кейін бесінші сыныпқа барғанда Алмастың 1998 жылы туған інісі Мұрат зорлады. Ол да білген ағасының маған не істейтінін. Әжеме айтсам «қайдағыны сандалма» деп мән бермеді. Кейін өзі көзімен көрді мені Мұраттың зорлап жатқанын. Бірақ тағы да «сен өзің оңбайсың, оларды бұзған сен. Қаны бұзық» деп тағы мені соққыға жықты. Осылайша мен нағашы ағаларымның зорлығын 9-сыныпқа дейін көріп келдім. Жыныс мүшем бөртіп кетсе де әжем дәрігерге апармай, өзі жақпа май әкеліп берді» ,- деп жылады Сәния. Ш.

9-сыныпты бітірген соң Сәния.Ш. Алматыдағы техникалық колледжге оқуға түсіп, анасының қасына келген. Сол кезде бар шындық ашылыпты.

«Астым қайта ауыра берген соң анам дәрігерге апарды. Сол жерде гинеколог: «қызың пәк емес, жыныстық қатынас арқылы ауру жұқтырған» деді. Анам маған «тыныш жүрмей, Алматыға келе сала кіммен төсектес болдың?» деп басымнан ұра бастады. Мен жылап жүріп Алмас пен Мұраттың ауылда зорлағанын айттым. Біз дәрігендер соң бірден Талдықорғанға әжемнің үйіне аттанып кеттік. Сол жерде айқай-шу болды. Анам жылап жүріп барлық туысты жинап, үлкен ағасының ұлдары жасаған қиянатты жайып салды. Әжем болса барлығына баяғы мені кінәлайды. «Қызыңның қаны бұзық, еркек балалардың қойнына өзі жатқан. Бұлардың кінәсі жоқ» деп шаң жуытпады. Анам сегіз ағайынды. Барлығы жиналып бір ауыздан «Алмас пен Мұратты кешіру керек деп шешім шығарды. Өткен іс өтті, елге масқара боламыз. Екеуін түрмеге жапқаннан Сәнияның қыздығы қайтып келмейді. Балалықпен болған дүние. Мықты болсаң қызыңды тастамай неге өзіңмен алып кетпедің? Қайта рақмет айт 9-сыныпқа дейін баққанға» деп анамды кінәлады. Осылайша мен нағашы ағаларымды сотқа да бере алмай қалдым. Ал ол жігіттер әскерден келіп, үйленді. Үлкенінің бір баласы бар. Енді анам «баласына обал, бәрібір дәлелдей алмаймыз» деп тоқтау айтып отыр», -дейді студент қыз.

Жыл сайын елімізде 800-ден астам бала зорлықтың құрбаны болады

«Қаншама зардап шеккен адаммен сөйлесіп түйгенім - көпшілігі кішкене кезінде туыстары тарапынан зорлық көреді. Айналып келгенде жау алыстан емес, өз ортамызда екенін түсінуіміз керек. Сәния секілді талай бойжеткен өмірден баз кешіп кеткен. Тіпті, тоғыз жасында әкесі зорлаған қыз бүгінде еркектен безіп, «лесби» болып жүргенін көзім көрді. Себебі өзін қорғайтын адам табылмаған кезде баланың жүрегінде өмірлік жазылмас жара қалады. Ең сорақысы осындай құрбандар сот арқылы қылмыскерді жазалай алмайтыны. Себебі, зорлық белгісі тек еркектің шәуеті арқылы дәлелденеді. Яғни, жәбірленуші медициналық сараптаманы оқиғадан соң бір аптаның ішінде жасап үлгермесе, қылмыскер жазадан сытылып кетеді. Ал мына жағдайдың орын алғанына бірнеше жылдың жүзі болған. Оны сотта дәлелдей алмасы айдан анық» , - деді отбасылық психолог Маргарита Өскембаева.

Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнаулы есепке алу комитетінің мәліметінше жыл сайын елімізде 18 жасқа толмаған 800-ден бала зорланады екен. Олардың ең кішісінің жасы тіпті беске де толмаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1709358-taldykorgandyk-kyz-zin-9-synypka-dejin-zorlagan-eki-agasyn-sotka-bere-almaj/

pixel