Алматыда Mercedes көлігі автобусқа соғылып, сегіз адам ауруханаға түсті (фото)
Опубликовано:
Абай даңғылы мен Саин көшелерінің қиылысында жолаушылар автобусы мен жеңіл көлік соқтығысып, 8 адам зардап шекті деп хабарлайды NUR.KZ.

Sputnik Қазақстанға оқиға куәгерлері айтқандай, №38 автобус Саин көшесімен солтүстік бағытта бағдаршамның жасыл жарығына кетіп бара жатқан.
Сол кезде Абай даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан Mercedes қызыл жарықты ескермей, автобустың алдынан шыға келеді.

Автобус жүргізушісі тоқтап үлгермей, бар жылдамдығымен Mercedes көлігіне соғылған. Қатты соққыдан ығысқан көлік жарнама ілінген бағананы қағып кетеді.

Жол апаты салдарынан, бастапқы дерек бойынша, сегіз адам зардап шегіпті. Жеңіл көлік жүргізушісі ауыр хәлде ауруханаға түскен, автобустың жеті жолаушысы да дәрігерлер бақылауында.

Оқиға орнында жол полициясы жұмыс істеп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1721263-almatyda-mercedes-kligi-avtobuska-sogylyp-segiz-adam-auruhanaga-tsti-foto/