Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтау тұрғыны өз ұлын азаптап өлтірген өгей шешені кешірмейтінін айтты

Опубликовано:

Ақтауда өгей ұлын өлтірген 35 жастағы Тұрсынай Сәрсеноваға қатысты сот отырысы басталды. Мойнына 16 жастағы Нұрсұлтанның қанын жүктеген айыпталушы марқұмды пышақтап өлтіріп, денесін сарайға тығып тастаған деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Ақтау тұрғыны өз ұлын азаптап өлтірген өгей шешесі
Ақтау тұрғыны өз ұлын азаптап өлтірген өгей шешесі: UGC

Жасөспірімнің мәйіті қаңтар айының басында табылған. Ал "қанды қол әйел қатаң жазаға тартылуы тиіс" деген марқұмның туған анасы өгей шеше Нұрсұлтанға үнемі қорлық көрсетіп келгенін айтады.

16 жастағы Нұрсұлтанның ата-анасы осыдан 10 жыл бұрын дәм-тұзы жараспай ажырасып кетіп, бейкүнә бала әжесінің қарауында қалған. Бірақ, шаңыраққа тағы келін түскенде өгей шеше мен бала арасындағы қарым-қатынас өзгеше өрби түседі.

Бауыр еті баласының өлгеніне әлі де сенгісі келмейтін Кәмшат Қожақова үнемі қорлық көрсеткен Сәрсенова ақыры ұлының түбіне жеткенін айтып, қынжылды.

"Бір рет кешірдім, төрт бала үшін. Екіншісінде кешірім деген жоқ қой. Мен тек қана соттан әділ жазасын сұраймын. Басқа ештеңе сұрамаймын. Бір адам өлтірген адам келесіде де қайталуы мүмкін", - дейді марқұм баланың туған анасы.

Кісі қанын мойнына жүктеген Тұрсынай Сәрсенова қолы қанға малынғанын оқиғаның ертесіне-ақ мойындаған. Сотталушының туысқандары болса қайғылы оқиғаға баланың тағдырын тәлкек еткен екі тарап кінәлі деп есептейді.

"Тұрсынайдың төрт баласы бар, бір баласы мүгедек. Сол төрт баласымен бірге бақты. Өзінің баласындай көріп. Оқудан қалдырған жоқ. Тамағын аш қылған жоқ. Бұл қылмыс негізінде екі әйелдің ерегісінің нәтижесінде болып отыр", - дейді айыпталушының ағасы Ырысбай Сәрсенов.

Сот-психологиялық сараптаманың нәтижесінде, қолына кісен салынған айыпталушының ақыл-есі дұрыс деп шешім қабылдаған.

Алайда, оның адвокаты қайта сараптама жүргізуді сұрап отыр. Қорғаушылар оның ашу үстінде осындай қадамға барғанына сенімді. Бірақ, өгей шешінің қанды қылмысы толықтай дәлелденсе, 20 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1725367-aktau-trgyny-z-lyn-azaptap-ltirgen-gej-seseni-kesirmejtinin-ajtty/