Алматылық полицейлер 7-ші қабаттан құламақ болған әйелді ерлікпен құтқарып қалды
Опубликовано:
Алматылық полицейлер 7-ші қабаттан құламақ болған әйелді ерлікпен құтқарып қалды. 37 жастағы қала тұрғыны қатты күйзеліске түсіп, өмірімен қош айтыспақ болған деп хабарлайды Қазақпаратқа сілтеме жасаған NUR.KZ.

Алматы қалалық ІІД-не Алмалы ауданындағы көпқабатты үй тұрғындары хабарласып, көрші әйелдің 7-ші қабаттан секіргелі жатқанын хабарлаған.
Тәртіп сақшылары бірден оқиға орнына келіп, көрші пәтердің балконы арқылы әйелмен тілдеспек болады. Алайда әйел полиция сөзіне құлақ аспай, алған бетінен қайтпай қояды.
"Біз бір қабатқа жоғары көтерілдік. ТЖД мамандары маған сақтандыру белдігін тағып берді. Жоспар бойынша мен 8-ші қабаттан 7-ші қабатқа түсіп, белбеу арқылы пәтерге кіруім керек еді. Ал менің әріптестерім сол кезде әйелдің назарын өзіне аудару үшін пәтердің қоңырауын басты.
Әйел терезеден ары қарай кеткен кезде мен ішке кірдім. Ол терезеге қайта жүгіре бастады. Мен тыныштандыруға тырыстым. Әйелдің өте қатты күйзелісте екендігі байқалды. Есік ашылған кезде ар жағында полиция мен медициналық қызметкерлер оған көмек көрсетті», - дейді лейтенант Қаржаубаев.
Айта кетейік, өмірін өз қолымен қиғысы келген әйел психо-неврологиялық диспансерде есепте тұратыны анықталды. Қазір оған психологиялық көмек көрсетіліп жатыр екен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1736720-almatylyk-policejler-7-si-kabattan-klamak-bolgan-jeldi-erlikpen-ktkaryp-kaldy/