Ақтөбеде бастауыш мектеп оқушысынан өкпе ауруының ашық түрі анықталды
Опубликовано:
Ақтөбедегі №10-шы мектептің бастауыш сынып оқушысынан туберкулездің ашық түрі анықталған. Жұқпалы ауруға қатысты мектеп оқушыларынан манту сынамалары алынып жатыр деп хабарлайды NUR.KZ.

"Бізде 4-ші сынып оқушысынан туберкулез анықталды. Оқушы 27 қыркүйек күні сабақта ауырып отырған соң, ата-анасы алып кетті. Баланы ауруханаға жатқызған. Одан кейін ғимаратқа дезинфекция жасалынды.
Мектепте 986 бала бар. Қазір балалар тексеріліп жатыр. Ол баладан осыған дейін ондай ауру анықталған жоқ. Отбасы да жақсы. Мүмкін бала жазғы демалыста жұқтырып алды-ау деп ойлаймыз", - деді мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Гүлайым Иманова.
Бүгінгі күні мектеп оқушыларының жартысы тексерістен өтті. Олардың 30 пайызынан аурудың оң нәтижесі анықталған.
"Мектепте қазіргі уақытта өкпе ауруының анықталуына байланысты барлық балалардан манту сынамасы алынып жатыр. Мыңға жуық баланың жартысына манту қойылған.
Оның 30 пайызынан оң нәтиже анықталды. Олардың бәрі қосымша тексеруден өтеді. Олардың организмі туберкулезді қабылдауға бейім деп айтуға болады. Мұғалімдердің барлығы тамызда тексерілген.
15 жасқа толған 8-11 сынып балаларына флюра жасалынады. 2-8 сынып оқушылары рентгендік тексерістен өтеді. Манту сынамасы теріс балаларға туберкулезге қарсы екпе жасалынды", - деді қалалық емханаға қарасты мектептер мен балабақшалардың бөлім меңгерушісі Гүлбақыт Тұрарова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1758064-aktbede-bastauys-mektep-okusysynan-kpe-auruyny-asyk-tri-anyktaldy/