Ақтөбеде мектеп оқушыларының төбелесінен 15 жастағы бала көз жұмды
Опубликовано:
Ақтөбе облысында мектеп оқушыларының төбелесінен 15 жастағы бала көз жұмды. Оқиға кеше кешке Шалқар ауданында болған деп хабарлайды NUR.KZ.

Жасөспірімнің кеудесіне өткір зат кіріп кеткен. Төбелес Шалқар қаласындағы №6 жалпы орта білім беру мектебі мен Ідіріс Үргенішбаев атындағы мектеп оқушыларының арасында болған.
10 сынып оқушылары арасындағы жанжалдан 15 жастағы жасөспірім ауыр жарақат алып, көз жұмды.
"Кеше кешкілік 19:15 шамасындa жеткізілген жасөспірімнің жағдайы өте ауыр болды. Кеуде қуысынан жарақат алып, қан ішіне кетіп қалған. Құтқарып қалу мүмкін болған жоқ. Ол бірден көз жұмды", - дейді Шалқар аудандық ауруханасының бас дәрігері Асқар Еспағамбетов.
Ал мектеп директоры оқиғаға орай күдікке алынған оқушылардың полиция бөлімшесінде екенін айтты.
"Біз бұл хабарды кешкі сағат 20:00 шамасында естідік. Бірден 8-11 сынып оқушыларының ата-аналарына хабарласып, балаларының үйінде екеніне көз жеткіздік. Кейін аудандық полиция бөлімшесіне бардық. Төбелеске қатысы бар деген оқушылардың ата-аналары әлі ішкі істер бөлімінде жүр", - дейді мектеп директоры Алия Оспанқызы.
Мектеп басшылығы марқұм болған жеткіншектің спорттық шаралардан жүлде алып жүрген белсенді оқушы болғанын айтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1775296-aktbede-mektep-okusylaryny-tbelesinen-15-zastagy-bala-kz-zmdy/