RU

Талдықорғанда питбуль талап өлтірген 7 жасар баланың туыстары жанайқайын жеткізді

Талдықорғанда төбелескіш ит талап өлтірген жеті жастағы Марғұлан Санаттың туыстары NUR.KZ порталына алғаш рет эксклюзивті сұхбат берді. Қайғылы оқиға өткен жылдың алтыншы қарашасы күні болған. Марқұмның нағашы ағасы Тілек Қажыбасовтың сөзінше, оқиғадан бері үш айдан астам уақыт өтсе де қылмыстық іс әлі күнге сотқа жетпеген.

Фото: yandex.uz
Фото: yandex.uz: Twitter

Жеті жасар жеткіншектің ағасы қайғыдан қан жұтқан ананың бүгінгі жағдайын айтып берді.

"Әпкем полицияға арыз жазбады. Бұл иттің иесін кешірдік деген сөз емес. Себебі, біз әлі күнге дейін есімізді жия алмай отырмыз. Өте ауыр соққы. Анам күніге отырса-тұрса жылап, жиенімді еске алады. Анасының жағдайын сөзбен жеткізе алмаймын", - деп күрсінді Тілек Қажыбасов.

Марғұлан, кіші інісі және анасы нағашы әжелерінің үйінде тұрып жатқан. Туыстарының сөзінше, балақай еш уақытта алысқа ұзап ойнамаған екен. Сол күні көршінің үш-төрт жасар екі баласымен еріп төменгі көшеге барған.

"Мерекелік деген көшенің бойынан өтіп бара жатқанда екі ит шығып балаларға тап береді. Екі кішкентай қашқан сәтте, інім иттердің қасында жалғыз қалып кеткен. 3-4 жастағы балалар қашып үлгеру үшін, інім иттермен арпалысып өзі қалған. Соған қарап Марғұланның кішкентайларды питбульдың аузынан құтқармақ болды деп ойлаймыз. Әйтпесе неге қашпай қалып қалады?" , - дейді марқұмның ағасы.

Бойы кішігірім бұзаумен тең екі ит Марғұланды жарты сағат бойы талаған. Қатты шуды естіген көрші жігіт көшеге шығып, төрт аяқтылардан әрең ажыратып алыпты. Куәгерлердің сөзінше, Марғұлан ауруханаға жетіп, құжаттарды рәсімдегенше есін біліп, барлық сұраққа жауап та берген.

"Оқиғадан бір сағат өткен соң ініміз жансақтау бөліміне түсіп, бір тәуліктен соң көз жұмды. Денесінде сау тамтық қалмаған, дәрігерлер бірнеше ота жасап, жұлынған тері мен еттерін тіккенімен аман алып қала алмады. Себебі, төбелескіш иттер Марғұланның кеңірдегін тістеп, ішін тесіп тастаған. Жерлеу күні иттің иесі мен туыстары келіп кешірім сұрады. Содан кейін оларды көргеніміз де жоқ", - дейді Тілек Қажыбасов.

Марқұмның туысының сөзінше, інісін мерт қылған ит төбелестерге қатысқан екен.

"Мен БАҚ беттерінен үй күзететін ит деп жазылғанын оқыдым. Олай емес. Ол кісілер бұл иттерді төбелестіру үшін асырап, күшіктерін сатып, бизнес жасаған. Жеті бірдей ит баққанымен үйлерінің қоршауы да жоқ. Жетеуін қораға қамап ауылға кетіп қалыпты.
Тіпті кейбір журналистер Марғұлан иттің ұясына өзі кіріп, мазасын алған деген жалған ақпарат таратты. Осы үшін біз сотқа береміз. Қазір бала өліміне байланысты соттың басталуын күтіп отырмыз. Кешірім бермейміз, барлығы әділ, заң жүзінде шешіледі деп сенеміз", - дейді Тілек Қажыбасов.

Естеріңізге сала кетсек, Талдықорғанды дүрліктірген оқиғадан соң полиция Қылмыстық кодекстің 104-інші, яғни "Абайсызда қазаға ұшырату" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары бастаған еді.

Анықталғандай, иттердің бірде-бір құжаты болмаған. Жануарлардың иесі Әділжан Оңғарбаевтың иттерді тек үйді күзету мақсатында өсіргенін, сатумен айналыспағанын айтып, асырап отырған питбульдардың барлығын оқиғадан кейін атқызып тастаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1779151-taldykorganda-pitbul-talap-ltirgen-7-zasar-balany-tuystary-zanajkajyn-zetkizdi/