Қызылордада қаза болған әскерилерді соңғы сапарға шығарып салды (фото)
Опубликовано:
Қызылордадағы Қорқыт Ата әуежайында 27-ші наурыз күні Жалағаш ауданында тікұшақ апатынан қаза тапқан 13 әскери қызметкерге арналған қаралы митинг өтті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Қаралы рәсімге Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Қызылорда облысы әкімінің орынбасарлары, жергілікті гарнизонның жеке құрамы қатысты.

Сондай-ақ, рәсімге Қазақстанның түк-түкпірінен көптеген ұшқыштар арнайы келген.


Өз сөзінде Қорғаныс министрі Қазақстанның Қарулы күштері барлық әлеуметтік кепілдемелерді қамтамасыз ететінін және қаза болған әскери қызметкерлердің отбасына қажетті психологиялық, материалдық және заң бойынша барлық тиесілі әлеуметтік кепілдемелер мен төлемдердің іске асырылуына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Сонымен қатар министр гарнизон басшыларына қаза болғандардың отбасыларына шефтілікті ұйымдастыруды, соның ішінде, олардың балаларына тәрбие беруге, білім алуға, жұмысқа орналастыруға және жан-жақты демеу болуға белсене атсалысуды тапсырды.

Сөзін қорытындалаған Нұрлан Ермекбаев қаза болған әскерилерді мәңгі есте сақтау мақсатында мемориал орнату жоспарлануда екенін атап өтті.

Ескерткіштің қайда қойылатыны марқұм әскерилердің туыстары және жақындарымен талқылау барысында таңдалмақ.

Облыс басшылығының сөзінен кейін аспанға үш рет оқ атылып, марқұмдардың табыты ұшақпен туған жеріне жөнелтілді.

Еске сала кетейік, 27 наурыз күні Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырып, 13 әскери қызметкер қаза тапты.




Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1786124-kyzylordada-kaza-bolgan-skerilerdi-sogy-saparga-sygaryp-saldy-foto/