СҚО-да төрт бала жидектен уланып, біреуі көз жұмды
Опубликовано:
Солтүстік Қазақстанда 4 бала қасқыр жидек жеп уланды. Бұл жағдай 16 шілде күні Уәлиханов ауданындағы көпбалалы отбасында болған деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басылымның мәліметінше, келесі күні үш бала санавиациямен Петропавлдағы облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.
Өкіншіке орай осы отбасының 5 жасар баласы көз жұмған. Бүлдіршін ұйықтаған күйі оянбай қойған. Кейін анықталғандай, балалардың анасы ештеңеден сезіктенбеген. Оның өзінің де жүрегі айнып, лоқсыған. Бірақ кәдімгі жағдайға балап, мән бермеген.
"11 және 8 жасар жеткіншектер мен 8 айлық нәресте ауруханаға жатқызылды. Балалар жақында белгісіз бір жидекті жегендерін айтты. Келіп түскен кезде үшеуінің де жүрегі айнып, лоқсыды, іші өтті. Балалардың жағдайы өте ауыр болатын. Ем-дом дезинтоксикациялық терапияға бағытталды.
Келесі күні балалар тәуірленіп, нефрология бөліміне ауыстырылды. Қазір жағдайы бірқалыпты, ауруханадан шықты", - дейді облыстық балалар ауруханасының анестезиолог дәрігері Екатерина Живнодей.
Басылымның мәліметінше, қасқыр жидек – аса улы өсімдіктердің бірі. Оның бес жидегін жегеннің өзінде өмірге қауіп төндіреді екен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1806276-sko-da-trt-bala-zidekten-ulanyp-bireui-kz-zmdy/