Алматы облысында 14 жасында зорланған қыздың әкесі жанайқайын айтты

Опубликовано:

14 жасында ауыл балалары зорлық көрсетіп, кейін ұлды болған Қызғалдақ Талғатқызының оқиғасымен таныстырған болатынбыз. Жақында демеушілер тағдыр теперішін көрген бойжеткен мен оның төрт жасар ұлына пәтер сыйлады. Ал Қызғалдақтың әкесі Талғат Бекболатов қызының жарқын болашағаны сенеді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Видеодан кадр/Кел татуласайық/31 арна
Видеодан кадр/Кел татуласайық/31 арна: Instagram
"Бұл оқиға маған да, менің отбасыма да өте ауыр тиді. Кезінде ағайынгершілікке салынып, бұл істі жауып тастағанбыз. Бірақ қызыма оңай емес. Ол кәмелетке толып, ұлы өсіп қалған соң, бұл істі қайта қозғайтынын, әділеттікті талап ететінін айтты", - дейді Қызғалдақтың әкесі.

Талғаттың айтуынша, қызының тағдырын ойран қылғандар әділетті жазасын алуы тиіс.

"11 жыл бұрын қызым Қызғалдақтың анасы өмірден өтті. Одан соң, сол оқиға болар алдында алдымен шешем, кейін өзімнің екінші ұлым, оның артын ала әкем дүние салды. Қатарынан жақындарымнан айырылу оңай болған жоқ маған. Оның үстіне, қызымның абыройын таптаған осы оқиға болды. Сол кезде істі жауып тастағанымыз рас.

Менің даулап жүретін жағдайым да, күшім де болған жоқ. Олар да қайғыдан қан жұтып жүрген менің соттасатын деңгейде еместігімді білдім. Бірақ ештеңе де оңай емес.

Кәмелетке толмаған қызым айы-күні жетіп отырғанын көру жүрекке ауыр. Қазір мен қан қысымым көтеріліп ауыратын болдым. Осыдан төрт жыл бұрын дәрігерлер әлі жас, кішкентай, босана алмайды деп қызымды қабылдаудан бас тартты. Бір құдай жар болып, немерем дүниеге келді. Қазір оның шауып жүргеніне қуанамын. Менің айтарым – қызымның тағдырын талқандаған кінәлілер жазасын алсын", - дейді Талғат Бекболатов.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қызғалдақ отандық бағдарламалардың біріне келіп, басынан өткен жайтты баяндап, елді жылатқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1861450-almaty-oblysynda-14-zasynda-zorlangan-kyzdy-kesi-zanajkajyn-ajtty/