Шымкентте өкпесінің 90 пайызы қабынған 82 жастағы әже пневмониядан құлан-таза айықты
Опубликовано:
Шымкентте өкпесінің 90 пайызы қабынған 82 жастағы әжей пневмониядан емделіп, ауруханадан шықты. Дәрігерлердің айтуынша, кейуананың өкпесінен қан кетіп, жағдайы ауыр болған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласының 82 жастағы Галина Хрущева өкпесінің дерті асқынып 26 маусым күні қалалық №1 клиникалық ауруханаға ауыр халде жедел жәрдеммен жеткізілген.
Қарияны тексере келе ақ халаттылар оның өкпесінің 90 пайызы зақымданғанын анықтайды.
"Денсаулық жағдайының ауырлауына байланысты дәрігерлер әжейді 30 маусым күні жансақтау бөліміне ауыстырған. Жансақтау бөлімінде науқасқа COVID-19 инфекциясын емдеу хаттамасына сәйкес медициналық көмек көрсетілді", - деп мәлімдеді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Ем-домның нәтижесінде 82 жастағы кейуана сырқатты жеңіп, 6 шілде күні ауруханадан шығарылды.
Дәрігерлер қарт кісінің қазіргі жағдайы жақсы екенін айтты. Ал Галина әжей өзін ажалдан арашалап қалған медицина мамандарына алғысын білдірді.
"Барлық медицина мамандарына алғыс айтамын! Әрдайым сақтанып жүріңіздер”, - дейді 82 жастағы Хрущева.
Айта кетейік, бұған дейін эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін Қазақстанда 5 шілдеден бастап 14 күнге шектеу шаралары енгізілгенін жазған болатынбыз.
Шектеу шаралары кейін 2 аптаға ұзартылуы немесе қатаңдатылуы мүмкін. Барлығы эпидемиологиялық жағдайға байланысты болмақ
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1863673-symkentte-kpesini-90-pajyzy-kabyngan-82-zastagy-zej-pnevmoniadan-klan-taza-ajykty/