Бейрутта жарылыстан сескенбеген дәрігерлер келіншекті аман-есен босандырып алды (фото, видео)
Опубликовано:

Ливан астанасында жарылыс болған кезде дәрігерлер Эмма есімді келіншекті босандыруға дайындап жатқан. Оның күйеуі аурухана палатасына дейін кірген жарылыс толқынын видеоға түсіріп алды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы tsn.ua сайтына сілтеме жасап.
Ер адамның айтуынша, оның ұлы жарылыстан бірнеше минут өткен соң дүниеге келген.
"Айналаның барлығы қирап жатты. Әйелімнің үстіне қирандылар түскен, оларды алып тастап, медбикеге тұруға көмектестім. Содан соң әйелімнің кереуетін қауіпсіз жерге алып бардым", – дейді Эдмонд Хнайсер.
Айтуынша, жарылыс салдарынан медициналық құрылғылар істен шыққан. Дәрігерлер әйелді қандай да бір дәрі-дәрмексіз босандырып алды. Тіпті, ауруханада электр жарығы болмағандықтан, ақ халаттыларға ұялы телефонның жарығын пайдалануға тура келген.
Эдмонд Хнайсер жанқиярлық еңбектері үшін ақ халаттыларға шексіз алғысын білдірді.
"Олар жарылыстан кейін қорқып, кетіп қалса да болар еді, бірақ ешқайсысы олай жасамады", – дейді ол.
Ерлі-зайыптылар 7 тамыз күні кешке туған нәрестелерін үйлеріне алып кетті. Ер адам қазіргі таңда барлық отбасы мүшелерінің дені сау екенін жеткізді.
Еске сала кетейік, 4 тамызда Ливанның астанасы Бейрут қаласында жойқын жарылыс болды.
Аталған оқиғаға байланысты елдің жоғарғы қорғаныс кеңесінің отысы өтіп, оның қорытындысы бойынша Бейрут апат аймағы болып жарияланды.
Ливан премьер-министрінің сөзіне қарағанда, 70-тен астам адамның өмірін жалмаған Бейрут портындағы жарылысқа алты жыл бойы 2750 тонна аммиак селитрасын дұрыс сақтамау себеп болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1868999-bejrutta-zarylystan-seskenbegen-drigerler-kelinsekti-aman-esen-bosandyryp-aldy-foto-video/